Венгрияның Сыртқы істер және сауда министрі Петер Сийяртомен сұхбат

Венгрияның Сыртқы істер және сауда министрі Петер Сийяртомен сұхбат

Қазақстан мен Венгрия – стратегиялық әріптестер. Будапешт – Астананың Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі. Қазақстан мен Венгрияның стратегиялық ынтымақтастығының бүгінгі ахуалы мен басты бағыттары туралы «Kazakh TV» арнасына берген жеке сұхбатында осы елдің Сыртқы істер және сауда министрі Петер Сийярто әңгімелеп берді.

-  Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің екінші жыл қатарынан тұрақты емес мүшесі болды. Осы уақыт ішінде біздің ел бірқатар бастамаларды қолға алды. Қазақстанның халықаралық аренадағы жетістіктерін қалай бағалайсыз?

 - Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы туралы жаңалықты қуана қабылдадық. Сіздердің елдеріңіз мұндай мәртебеге лайық деп санаймын. Қазақстанның табысты саясаты мен жетістіктерінің арқасында Орталық Азия қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың біріне айналған. Жаһандық мәселелерді шешуде елдеріңіз сүбелі үлес қосуда. Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібіндегі түйткілдерге қатысты Қазақстан мен Венгрия арасында сенімді әрі сындарлы диалог орнаған.

 - Қазақстан мен Венгрия ынтымақтастығының әлеуеті мол. Өзара тиімді әріптестіктің басты бағыттары қандай?

 - Бұл орайда су ресурстарын басқару саласы өте маңызды деп ойлаймын.  Себебі Венгрия сумен қамту жүйесінің жұмысын жетілдіру бойынша жақсы шешімдер, озық технологиялар мен ноу-хауларды ұсына алады. Осы салада дүниежүзі бойынша үздіктердің қатарынан табылған венгриялық компаниялар көмек көрсете алады деп ойлаймын. Оларды қаржылық жағынан қолдау мақсатында және венгер-қазақ бизнесінің ынтымақтастығын дамыту үшін біздің үкімет биыл 420 миллион евро көлеміндегі несиелік желі ашқан. Бұдан басқа тараптар энергетика саласындағы байланыстарды дамытуды көздейді.

 - Өткен жылы Қазақстан-Венгрия инвестициялық қоры құрылды. Осы серіктестік аясында қандай жобалар жүзеге асырылуда?

-  Ұзақ келіссөздердің нәтижесінде,  Қазақстан-Венгрия арасында ауыл шаруашылығы саласына тікелей инвестиция құюды көздейтін қор құрылды. Құрылтайшылары «Қазагро» холдингі мен Венгрияның ЭкспортИмпорт банкі. Оның қоры 40 миллион АҚШ долларын құрайды. Жаңа құрылымның қолдауымен осы уақытқа дейін азық-түлік өнімдерін өндіруге бағытталған 2 жоба қолға алынды. Екеуі де табысты жұмыс істеп жатыр. Бірі қызанақ және көкөністердің басқа да түрлерін өңдеу кәсіпорны болса, екіншісі негізінен жеміс өңдеумен айналысады. Алдағы уақытта біз тағы да басқа жаңа жобаларды іске асыруды көздеп отырмыз. Десе де, осы 2 жоба жұмысының оң нәтижесі бірлескен қор құру шешімінің дұрыстығын айқындап отыр.