Қазақстан Президентінің Финляндияға ресми сапары аяқталды

Қазақстан Президентінің Финляндияға ресми сапары аяқталды

Қазақстан Президентінің Финляндияға ресми сапары аяқталды. Оның барысында Нұрсұлтан Назарбаев әріптесі Саули Ниинистёмен кездесті. Екіжақты келіссөздерде қос тарап қазақстандық экономиканы модернизациялау жөніндегі жобаларға фин капиталы мен технологияларын тарту мүмкіндіктерін егжей-тегжей талқылады. Жүздесуде екіжақты ынтымақтастықты өңдеу өнеркәсібі, инновациялық және ғылымды қажет ететін кәсіпорындар мен экспортқа бағдарланған өндірістерді құру бағытында дамыту қажеттігі айтылды. 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ:

 - ЕХРО көрмесін Қазақстан жоғары деңгейде өткізді, оны халықаралық сарапшылар айтып отыр. Нәтижесінде біз жаңа энергетика бағытында 100 үздік жобаны таңдап алдық, соның 14-і – фин жобалары. Қазір ЕХРО-ның орнында «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды. Біз фин бизнесін оның қызметіне қатысуға шақырамыз. Орталықта преференциялар қарастырылған, ол ағылшын құқығының негізінде жұмыс істейді.

САУЛИ НИИНИСТЁ, ФИНЛЯНДИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Финляндияның Қазақстанмен ынтымақтастығы сан саланы қамтиды. Қазақстандық жастар алмасу бағдарламасы бойынша еліміздің жоғары оқу орындарында білім алады. Біз әріптестерімізбен қоғамдағы тұрақтылыққа қол жеткізудің жолдары туралы ақпаратпен қуана бөлісеміз. Қазақстан Президентінің көптеген мәселелер, соның ішінде геосаясатқа қатысты пікірлерін жоғары бағалаймын. Екіжақты келіссөз нәтижелі өтті.

Сапар қорытындысы бойынша, жалпы құны 600 млн АҚШ доллары болатын 20-ға жуық үкіметаралық меморандум мен қазақстандық-фин бизнесмендері арасында 10 келісімге қол жеткізілді.