ЕҚЫҰ мен Қазақстан әріптестігіне – 20 жыл

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Қазақстан әріптестігіне 20 жыл толды. Осыған орай елордада халықаралық конференция өтіп, шараға алқалы ұйымның бас хатшысы Томас Гремингер арнайы келген. Басқосуда ол біздің елмен арада әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық бағыттарда әріптестік жақсы дамып отырғанын жеткізді.   

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

– Екіжақты әріптестіктің аясында Қазақстанда мыңнан астам іс-шара өткізілді. Олар қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық негіздерін нығайтуға және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған. Бүгінгі күні Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға, әскери-саяси тұрақтылықты сақтауға қосып отырған сүбелі үлесі бар.

ТОМАС ГРЕМИНГЕР, ЕҚЫҰ БАС ХАТШЫСЫ: 

 - Біз үшін екіжақты ынтымақтастықтың маңызы зор. Біз негізгі ұлттық реформаларды, сондай-ақ полициядағы реформаларды қолдаймыз. Жобалардың тез арада жүзеге асырылуы үшін бар күшіміз бен ресурстарымызды жұмылдыруымыз қажет. Алдағы уақытта әріптестікті ары қарай дамытуды қалаймыз.

Еске салсақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының құрамында 57 мүше мемлекет кіреді. Жыл сайын елдердің бірі ұйымға төрағалық етеді. Айта кетейік, Қазақстан бұл міндетті 2010 жылы қабылдап, абыроймен атқарып шықты.