Маттиас Дорнфельд: Әлем елдері Н. Назарбаевтың көпсалалы саясатын қолдайды

Бүгінде Қазақстан инвестициялық тартымдылығы жағынан Орталық Азия елдерінің ішінде көш бастап тұр. Халықаралық сарапшылар республикадағы бизнестік ахуалды жоғары бағалап отыр. Шетелдік мамандар кәсіпкерлерге ел үкіметінің тарапынан жан-жақты қолдау жасалатынын айтады. Біздегі салықтық жеңілдіктер, инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған мемлекеттік демеу тетіктері жеке қаржысын құюға ниеттілердің қызығушылығын арттырып келеді. Ел экономикасына сырттан инвестицияны  тарту ісін жетілдіруде «Астана» халықаралық қаржы орталығы үлкен сеп болмақ. Бұны елбасы халыққа арнаған кезекті жолдауында ерекше атап өтті. Германдық саясаткер Маттиас Дорнфельдтің пайымынша, әлем елдері Нұрсұлтан Назарбаевтың көпсалалы саясатын қолдап, әріптестік орнатуға әзір.

МАТТИАС ДОРНФЕЛЬДТ, САЯСАТКЕР /ГЕРМАНИЯ/:

 - Президент жолдауда Қазақстанның сыртқы саясатта көпсалалы бағытқа басымдық беретінін ерекше атап өтті. Тек Орталық Азия елдерімен шектелмей, Қытаймен де достық қарым-қатынас орнату аса маңызды. Өйткені аспан асты елінің тауарлары Еуропаға Қазақстан арқылы жетеді. Мәселен, дәл осы жолмен Германияның Дуйсбург қаласына Қытай өнімі тасымалданады. Бұл Қазақстанға да бізбен сауда-саттықты  дамыту үшін жақсы мүмкіндік. Сондай-ақ Президент ЕАЭО,  Түркия, Еуропа, АҚШ мемлекеттерімен өзара байланысты жандандыра түсуге ден қоятынын айтты. Қазақстан мен Германия – стратегиялық серіктес. Тұрақтылықтың орталығына айналған елмен ынтымақтастықды дамыту біз үшін аса маңызды.   

Еуроодақ елдері Қазақстанның ірі инвестициялық әріптес мемлекеттері саналады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, жалпы тауар айналымы 25%-ға дейін артып, 30 миллиард доларға жеткен. Жолдау жүктеген міндеттердің бірі – Еуроодақпен алыс-берісті арттыра түсу. ЕАЭО, Орталық Азия, Қытай халықтық республикасымен экономикалық қарым-қатынасты дамыту – Қазақстанның басым бағыттарының бірі.  

МАРОШ ШЕВЧОВИЧ, ЕУРООДАҚТЫҢ ЭНЕРГЕТИКА БОЙЫНША КОМИССАРЫ /БЕЛЬГИЯ/:

 - Қазақстан мен Еуроодақтың өзара байланысы жақсы қарқынмен дамып келеді. Табиғи қорға бай Қазақстанның аймақтағы алатын маңызды рөлін біз жақсы білеміз. Сондай-ақ ядролық қауіпсіздік пен атомды бейбіт мақсатта пайдалану бастамаларын қолдаймыз. Мен Қазақстанда  бірнеше рет жұмыс сапарымен болдым. Елдің жылдам дамып келетініне көзім жетті. Қазақстанның халықаралық энергетика диалогындағы рөлін де ерекше атап өткім келеді. Өйткені, бүгінде әлем қауымдастығы баламалы қуат көздері мен климаттың өзгеруіне қатысты шешімдер іздейді. Бұл лекте Қазақстан да бар.