Каспий теңізінің құқықтық статусы туралы Конвенция қабылданды

Каспий теңізінің құқықтық статусы туралы Конвенция қабылданды

Каспий теңізінің құқықтық статусы туралы Конвенция қабылданды. Теңіз жағалауында орналасқан бес мемлекет – Қазақстан, Ресей, Иран, Әзербайжан және Түркіменстан басшылары Ақтауда бас қосып, тарихи құжатқа қол қойды. Каспийдің геосаяси және экономикалық маңызы зор. Мұнда көптеген әлемдік және өңірлік державалардың мүдделері тоғысады. Күрделі қорытынды құжат бойынша келіссөздер 20-дан аса жылға жалғасты. Геологиялық зерттеулер бойынша, Каспийдің қойнауында барланған 68 миллиард баррель мұнай бар. Қара алтынның қомақты қорынан бөлек, бағалы балық түрлері мол. Әлемдік нарықта ең көп сұранысқа ие бекіренің 90% осы айдында тіршілік етеді. Ақтауда қабылданған конвенцияда осы ресурстарды пайдалануға қатысты елдердің құқықтары мен міндеттемелері айғақталған.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Құжат тараптардың Каспий теңізіне қатысты, оның суына, түбіне, қойнауына, табиғи ресурстары мен әуе кеңістігіне қатысты құқықтары реттейді. Келісімде ұлттық аймақтардың бөлінуі, жер қойнауын пайдалану туралы құқықтарды іске асыру, транзит, тасымал, су асты құбырларын, кабельдерін тарту, қоршаған ортаны және биоресурстарды қорғау мәселелері қамтылған. Сонымен бірге құжатта бүгінгі күннің қауіп-қатерлеріне қарсы тұру, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, Каспий маңы мемлекеттерінің әскери қызметіне қатысты мәселелер қарастырылған.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің айқындалуы аймақтағы саяси тұрақтылық пен экономикалық даму тұрғысынан зор маңызға ие. 5 мемлекет осының қаперге алды.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

– Біз белгілеген аумақтық сулар 15 теңіз милясына тең, осы ретте сыртқы шекаралар мемлекеттік статусқа ие болады. Аумақтық сулар 10 мильдік балық аулау аймағымен  шектеседі, ол жерде әр мемлекеттердің балық аулауға деген айрықша құқығы бар. Биологиялық ресурстардың бірегей түрлерін сақтап қалу мақсатында балық аулау өзара келісілген ұлттық квоталар негізінде жүргізіледі. Сондай-ақ теңіз түбімен магистральді құбырлар мен кабель тарту экологиялық талаптарды сақтай отырып іске асырылады. Каспийдің экологиялық жүйесі және оның компоненттері дүниежүзілік қорғауға алынған. Сондықтан теңіздегі кез келген әрекет теңіз ортасына және биологиялық алуандығына зиян тигізбеуге тиіс.

Конвенцияға сәйкес, Каспий маңындағы бес мемлекеттің ешқайсысы аймақта әскери нысандар орналастырмайды. Құжат экология, экономика, көлік, туризм салаларында өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Сарапшылардың айтуынша, теңіздің құқықтық мәртебесінің айқындалуы жағалаудағы барлық мемлекеттердің экономикаларының дамуына тың серпін береді. Саммитте ел басшылары өзара сауда мен инвестиция көлемін еселеу туралы уағдаласты. Ал құжаттың қабылдануын сарапшылар дипломатиялық жетістік деп атады.