Абай басқан ізбенен...

Абай басқан ізбенен...

Абай жерінен шыққан қаламгер шығысқазақстандықтар – Александр Мещеряков және Қызырбек Дүргінбайұлы. Жас жазушылардың қаламынан туған шығармалар жинағы «Абай әлемі» аймақтық жобасы аясында жарық көріп, оқырмандарға жол тартты. Бұл игі іс «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Шығыс Қазақстан облысында қолға алынған.

«Абай әлемі» - 2018-2022 жылдары басып шығару жоспарланған кітаптар сериясы. Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қолдау көрсету, өңірден шыққан ұлы ақын-жазушылардың туындыларын кеңге насихаттау, жастардың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу сынды игі мақсаттарды көздеген жобаның арқасында оқырмандар жаңа авторлармен қауышады және классиктердің туындылары қайта жаңғыртылады. Мысалы, бірінші шығарылымда Абай Құнанбайұлының шығармалары қазақ тілінде және Евгений Курдаковтың аудармасында орыс тілінде басылып шықты.

Жалпы өткен екі жыл ішінде жоба аясында таралымы 20 мың дана болатын серия жарық көрді. Ал биыл Шығыс Қазақстан өңірінен шыққан танымал ақын-жазушылардың 22 кітабы 23 мың дана таралыммен басылып шықпақ. Сонымен қатар, Абайдың 175 жылдығына орай оның өзінің, шәкірттерінің және абайтанушылардың еңбектерін жариялау жоспарланған. Кітаптарды баспаға даярлауға Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университеттің ғалымдары, Абай музейінің және облыстық кітапхананың қызметкерлері атсалысуда. Атап өтерлігі, «Абай әлемі» жобасы Семейдегі Абай атындағы ШҚО әмбебап кітапханасының базасында жүзеге асырылуда.

Жастарға бағытталған тағы бір жобаны  ұлы ойшылдың есімі берілген Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қолға алды. Мұнда Абайдың 175 жылдығы, Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Алтын орданың 750 жылдығы аясында «Ұлттық жады және болашақ тағылымы» тақырыбында эссе байқауы жарияланды. Мақсат – дарынды жастарға қолдау көрсету ғана емес, оларды Абай және «Екінші ұстаз» аталып кеткен Әл-Фарабидің еңбектерімен таныстыра отырып, бойында эстетикалық талғам тәрбиелеу, Алтын орданың қазақ жеріндегі мемлекеттілік институтының дамуына қосқан үлесін түсіндіру.

Байқау 4 тақырыптық бағытта өткізіледі: «Абай басқан ізбенен...», «Кемеңгерліктің кілтін салған...», «Тағылымды тарих хақында...», «ХХІ ғасырдың Абай университеті».  

Эссе конкурсы тамыздың 25-іне дейін жалғасып, жеңімпаздардың есімдері 29 тамызда жарияланады. Байқау шарттарымен www.kaznpu.kz сайтынан танысуға болады.

 

Фото: semeylib.kz