Британиялық жазушының кітабы қазақ тілінде жарық көреді

Британиялық жазушының кітабы қазақ тілінде жарық көреді

«Томас, Люси және Алатау: Аткинсондардың Сібірдегі және Қазақстандағы бастан кешкендері» қазақ тіліне аударылып, басып шығарылады. Британиялық жазушы Джон Масси Стюарттың кітабы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақстандық оқырмандармен қауышпақ.

«Менің еңбегім Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында тәржімаланып, басылатынына өте ризамын»,- дейді кітап авторы.

Оның туындысында Қазақстанды XIX-ғасырда алғашқылардың бірі болып зерттеген белгілі еуропалық сәулетші әрі саяхатшы Томас Аткинсон туралы баяндалады. Томас таңқалдырар тау пейзаждарын, тылсым табиғаттың суретін салып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі және әдет-ғұрыптары туралы күнделік жүргізіп отырған. Ал қазіргі Алматы облысының Ақсу ауданы маңындағы Тамшыбұлақ бұлағының жанына жеткенде әйелі Люси босанып, жаңа туған ұлына Алатау Тамшыбұлақ деп есім береді. Британ саяхатшыларының қазақ жеріндегі өмірі туралы ағылшын оқырмандарына баяндап берген ввтор, 86 жастағы жазушы Джон Масси Стюарт былтыр Алматы облысы әкімдігінің шақыруымен Жетісу өңіріне келіп, саяхатшылар аралаған жерлерді өз көзімен көріп қайтқан. Оның туындысы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ынтымақтастықты арттырып, туризмнің дамуына ықпал етеді деген зор сенім бар.

«Өте қызық әрі құнды еңбекті аудара отырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының дамуына жаңаша серпін береміз деген сенім бар. Кітап халықаралық және ішкі туризмді жетілдіруге де өз үлесін қосады деп үміттенеміз»,- дейді Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев.

Ағылшын жазушысының қаламынан туған туындының қазақ тіліндегі нұсқасы келер жылы жарық көрмек. Ал тұсаукесері Қазақстанда ғана емес, Біріккен Корольдікте де өткізілетін болады.