Жошы Хан тарихи-мәдени кешенінің құрылысы басталды

Жошы Хан тарихи-мәдени кешенінің құрылысы басталды

Жошы хан тарихи-мәдени кешені алдағы қыркүйек айының соңына дейін қолданысқа беріледі. Бұл туралы Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғали әлеуметтік желі арқылы хабарлады.

«Үкімет пен демеушілердің қолдауымен Жошы хан тарихи-мәдени кешенінің құрылысы басталып кетті. Кешенде Жошының ұрпақтарына, Ұлық Ұлыс, Алтынорда, Қазақ хандығына арналған экспозициялық зал және шағын асхана мен қонақ үй салу жоспарланған. Сонымен қатар, Алаша хан, Жошы хан мазарларына реставрация жұмыстары басталып, апаратын арнайы жол құрылысы жүргізіледі», - деп жазды ол.

Жошы хан кесенесі – Шыңғыс хан мен оның әулетінен жер бетінде қалған жалғыз белгі. Сондықтан оның жанынан бұл мазардың дүниежүзі тарихын өзгерткен дара тұлғаға тиесілі екенін алыстан әйгілеп тұрар айбынды ескерткіш-белгі тұрғызу көзделген. Тарихи кешен тек Шығыс елдері үшін ғана емес, жалпы бүкіл әлемдегі саяхатшылар мен зерттеушілер үшін зор қызығушылық тудырып, туристік тартымды орынға айналары сөзсіз. Сондықтан қайта жаңғыртылған көне нысан Ұлытау ауданында туризмді дамытудың қозғаушы драйверіне айналуы тиіс дейді, сала мамандары.

«Отандық және шет елдік туристерді тарту мақсатында «Ұлытау» бренді аясында туристік бағыттар әзірленді. Атап айтқанда: «Қасиетті Ұлытау», «Хан Жолы», «Теректі Әулие» және «Қорғасын құпиясы» туристік бағыттары. Бұл ретте, жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу, қонақжай үйлерін ұйымдастыру, этноауыл құру, ескерткіштер аумағын абаттандыру, кемпингтік тұрақтарды, Ұлытау тауларында соқпақтарды таңбалау және жабдықтау, сондай-ақ туристер орналасатын жерлерде тренингтер өткізу жоспарланған», - дейді Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы  Айнұр Жексенова.

Жошы хан кешенін келешекте ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне» енгізу қарастырған. Себебі, әлемдік деңгейдегі беделді туристік операторлар, жеке саяхатшылар сапарын жоспарлағанда, аталған халықаралық ұйымның тізіміне енген ескерткіштерге қарап, бағыт-бағдар түзеді.

Батыс елдері жылнамаларында «Ұлық Ұлыстың» алтынмен апталуына орай «Алтын орда» деп аталған. Жошы ұлысы мен Алтын орда – қазақ ұлтының қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Басқаны айтпағанда, қазақтың барлық хандары – Жошы ханның тұқымы болып табылады.

 

Фото: inform.kz