Италия ғалымы әл-Фараби еңбектерін зерттеп жүр

Италия ғалымы әл-Фараби еңбектерін зерттеп жүр

Әл-Фараби орта ғасырдағы мұсылман медицинасының дамуына сүбелі үлес қосты. Бұл шығыс ойшылының еңбектерін зерттеп жүрген Италия ғалымы Эдуардо Канеттаның пікірі. Миландағы Амброзиана академиясының профессоры төтенше жағдай орнықан соң Қазақстанға келіп осы тұрғыдағы  зерттеулерімен бөлісуге ниетті.

«Бүкіл әлемді коронавирус жайлаған кезде әл-Фарабидің және басқа да ғалымдардың медицина саласы үшін жасаған еңбектерін айтқым келеді. Біз Авиценна деп танитын Ибн Сина әл-Фарабиді өзінің ұстазы деп санаған. Осындай ұлы адамдар халық арасындағы татулық пен достықтың жақсы саясаттан туындайтынын, ал жақсы саясаттың ең алдымен, халықтың денсаулығымен айналысуы керектігін де түсінген. Әл-Фарабидің елді басқаруда басты қағида – ол денсаулық пен физикалық саулыққа қамқорлық деп санауы бекер емес», деді профессор ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған «Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы және қазіргі заман» атты онлайн конференцияда.

Ғалымның айтуынша, әл-Фараби грек аңыздары мен несториандық ұстаздарынан көптеген құнды дүниелерді үйренген. Аристотель еңбектерін терең зерттеумен қатар Гален мен Гиппократтың шығармаларымен жақсы таныс болған.

«Фарабидің Отырардан, ал Авиценнаның - Өзбекстаннан екенін білесіздер. Бұл ғалымдар жазық дала өсімдіктерінен хабардар болғандықтан, түрлі жаңа шөп дәрі ойлап тапқан. Көп мөлшерде дәрілерді қабылдау кері әсер беретінін де білген. Шешек пен қызылша секілді белгілері ұқсас ауруларды ажырата білген. Орта Азия медицинасы туралы ақпарат беру бүгінде өте маңызды. Амброзианеде көптеген араб құжаттары мен қолжазбалары, соның ішінде әл-Фарабидің қолжазбасы бар. Оның «Китап Аль Музик» қолжазбасын түпнұсқада көруге болады. Италиядағы, әсіресе Миландағы жағдайды өте жақсы білесіздер. Осы пандемия біткен соң, әл-Фарабидің қолжазбасын сіздерге алып баруға уәде беремін», - деді ғалым.

Айта кетейік, биыл әйгілі ойшыл, философ, музыка зерттеушісі, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, ғалым, Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл. Шығыстың ұлы ойшылының мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне енген.

 

Фото: egemen.kz