«Рухани жаңғыру» бағдарламасына – 3 жыл

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына – 3 жыл

Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасына – 3 жыл. Осы уақыт ішінде қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған жоба аясында іргелі істер атқарылды. Ел ішінде 12 миллионнан астам адамды қамтыған 93 мың іс-шара өткізілді. 2 мың 600-ден астам нысан салынды. Әлеуметтік маңызға ие 2 мың 142 ғимарат жөнделді. Тарихи-мәдени мұраны жүйелеу нәтижесінде Қазақстанның киелі жерлерінің тізімі жасалып, ескертіштер жаңартылды. Отырар қалашығын қалпына келтіру жұмыстары басталды. «Ұлытау», «Отырар», «Таңбалы» орталықтары ашылды. 27 сәулет ескерткіші 3D форматында цифрландырылды.

Бағдарлама аясында 2018 жылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде «Қазіргі қазақ бейнелеу өнерінің антологиясы» атты каталог шығарылды. Қазақстан әдебиетінің «проза» және «поэзия» жанрлары бойынша шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылды. Гуманитарлық бағыттағы 77 оқулық қазақ тіліне тәржімаланды. Оның 47-сі баспадан шығарылып, жоғары оқу орындарына жіберілді. «Туған жер» арнайы жобасы аясында 5 пен 7-сыныптың бағдарламасына «Өлкетану» курсы енгізілді.

Бүгіннің өзінде 13 арнайы жоба жүзеге асырылып жатыр.

КЕМЕЛБЕК ОЙШЫБАЕВ, «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ИНСТИТУТЫ» КЕАҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

– «Киелі Қазақстан» деген арнайы жоба бойынша 600-ден астам қасиетті орынды белгілеп, соларға әкімдік тарапынан инфрақұрылымдар жүргізіліп жатыр. 200-ден астамында бұл жұмыстар жасалды. Және нысандарға гидтер даярланады, олар сол аймақтың тұрғындары мен шетелден келіп жатқан туристерге экскурсия өткізіп, Қазақстанның киелі жерлерімен таныстырады.

 

Фото: strategy2050.kz