«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Елдар Сапаров, Қуандық Қанатов

«Қазақстанның 100 жаңа есімін» анықтау арқылы қазіргі қоғам келбетін қалыптастыруға болады. Кейінгі буын өз саласының білгірі болған жандардан үлгі алып, олар да жетістікке жетуге ұмтылады, дейді жоба жеңімпаздарының бірі Елдар Сапаров. Алматы облыстық «Азаматтық альянс» пен консалтингтік орталықтың жетекшісі «қоғам» аталымы бойынша үздік деп танылған. Ол 2017 жылдан бері Үкіметтік емес ұйымдарға кеңес беру орталығына басшылық етіп келеді. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді. Елдар Сапаров – қоғам белсендісі ғана емес, қаладағы ең жас мәслихат депутаты.

ЕЛДАР САПАРОВ, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ 100 ЖАҢА ЕСІМІ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - Жалпы қоғам болып осы жобаға ұсынды. Барлығы бір ауыздан дауыс беріп, маған 11 мыңнан аса адам қолдау білдірген. Соның нәтижесін көргенде қуандым. Жалпы істелген жұмыстың нәтижесі ретінде көрінді. 100 жаңа есім жобасында жеңімпаз болу тек қана мақтаныш емес, үлкен жауапкершілікті жүктейді.

Ауылдағы қарапайым ғана отбасында тәрбиеленген Қуандық Қанатовты бүгінде күллі Қазақ Елі таниды. «100 жаңа есім» жобасына қатысқан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында қызмет ететін ефрейторға 23 мың адам дауыс беріп, жеңімпаз атанған. Бейбіт күннің батыры былтыр Семейдегі жатақханалардың бірінде шыққан өрт кезінде құтқарушылар келгенше 15 адамды қауіпсіз жерге шығарып үлгерген.

АСАН ЖҮСІПОВ, «ШЫҒЫС» ӨҢІРЛІК ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫ ӘСКЕРЛЕРІНІҢ ҚОЛБАСШЫСЫ:

 - Ол өз өмірі мен отбасын ойламастан, жанұшыра көмек сұраған тұрғындарға тұра ұмтылды. Жағдай өте күрделі болатын. Алайда Қуандық батыл да дұрыс шешім қабылдай білді. Мұның бәрі оның кәсіби жағынан да адамгершілік жағынан да мықтылығы деп білеміз. Ол – біздің мақтанышымыз!

ҚУАНДЫҚ ҚАНАТОВ, ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІ:

 - «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанғаныма қуаныштымын. Ол маған қосымша жауапкершілік жүктейді.

Фото: taldyk.info