«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Әсел Баймұқанова және Дина Байтасова

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атану жауапкершілік жүктейді. Жобада үздік шыққандар осылай дейді. Олардың қатарында мұғалім, дәрігер, спортшы, кәсіпкер сияқты сан саланың мамандары бар. Бұл тізімдегі азаматтардың қай-қайсысы да қоғамға сіңірген еңбегі арқылы дараланды. Солардың қатарында жануарлар жанашыры, итбалықтар популяциясының белсенді қорғаушысы, жас эколог Әсел Баймұқанова да  бар.  

ӘСЕЛ БАЙМҰҚАНОВА, ЭКОЛОГ:   

 - Мен 6 жылдан бері Каспий теңізіндегі итбалықтарды зерттеп жүрмін. Алғаш рет Каспий теңізінде итбалықтарды көрдім, сондай-ақ олардың менің жаныма жүзіп келген сәттері де болды. Ол кезде олар менімен сәлемдесіп жатқандай сезілді. Итбалықтар – өте ақылды, байқампаз, әр нәрсеге қызығушылық танытатын аңдар. Біз олармен бірге жүзіп жүргенде жануарлар бізге асқан қызығушылық танытып, бізді өздерінше зерттемек болды. Осы кезден бастап мен итбалықтарға қамқорлық танытып,  олардың Каспий теңізінде популяциясының көбеюіне барша күш салып, құтқару керек екендігін түсіндім.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауы жеңімпаздарының қатарында Дина Байтасова да бар. Шетелдің іргелі оқу орнында білімін шыңдаған өнертанушы болашағын мәдениет пен өнерді өркендетуге арнапты. Қазір еліміздегі жас өнерпаздар мен суретшілерді демеп, қолдау көрсетіп жүр. Суретшінің шығармашылығы заманауи қылқалам өнерімен тығыз байланысты. Ұлы дала туралы тақырыптық туындылары шетелдік сурет көрмелеріне қойылған. Қазір суретші «Арт Шоу» фестивалін ұйымдастыруды қолға алыпты.

ДИНА БАЙТАСОВА, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ 100 ЖАҢА ЕСІМІ – 2019» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - Бұл жоба жас суретшілердің тың ойларын жүзеге асыруға, арт-өнердегі проблемаларды ашық айтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда заманауи суретші жаңашыл болып келеді. Өнертапқыш десе де болады. Біздің әлемнің қаншалықты керемет екенін көрсететін жан-жақты тұлға. Себебі шығармашылық – бұл біздің әлеміміздің көрінісі. Әдемілікті ғана емес, сондай-ақ проблемаларды да бейнемен жеткізеді. Бүгінде суретші – Қазақстан туралы, оның мәдениеті туралы айта алатын елші.

Фото: Хабар 24