«Алтын Орда» кезеңіне жататын тарихи-мәдени ескерткіштер зерттелмек

«Алтын Орда» кезеңіне жататын тарихи-мәдени ескерткіштер кешенді түрде зерттелмек. Қазір Еуропа елдері мен Жапонияның үздік ғылыми зертханаларында Ұлытаудағы Алаша хан, Жошы хан, Болған ана кесенелеріне жерленген адамдардың шығу тегін, жасын анықтау үшін генетикалық талдау жасалуда.

Қарағандыда өткен халықаралық ғылыми конференция барысында шетелдік және отандық ғалымдар бірқатар тың дүниелерімен бөлісті. Мысалы, Болған ана кесенесіне жүргізілген археологиялық зерттеулер кезінде әйел адамның әшекей бұйымдары, киімі, сондай-ақ ортасында қызғалдақ, жиегінде қошқар мүйіз оюы бар таза алтыннан құйылған тостаған табылған. Бұл Ресейдегі Эрмитажда тұрған алтын ыдыстарға өте ұқсас.

Үш күннің ішінде халықаралық конференцияға қатысушылар Ұлытау өңіріне барып, тарихи-мәдени ескерткіштермен танысады.

Айта кетейік, шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Алтын Орданың» 750 жылдығына орай ұйымдастырылды.

БЕРІК ӘБДІҒАЛИ, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІ ГЕОГРАФИЯСЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ, ТАРИХШЫ:

 - Біз тек қана қазақ хандығымен шектелмейміз. Қазақ хандығына дейін жерімізде бірқатар мемлекеттер болған. Соның бәрінің мұрагеріміз, соған ие болу керек. Сол тарихымызды санамызға сіңдіру керек. Шыңғыс хан, Жошы хан қалыптастырған империяның мұрагері болып есептелеміз. Соған лайықты іс-шаралар ұйымдастырып, ескерткіштерімізді тарихи қалпына келтірсек, бұл да бір елді-мекеннің, ауданның дамуына өз үлесін қосады. Болашақта жолдар дұрысталады, туристер келе бастайды. Мұның біз үшін экономикалық жағынан тиімділігі бар.  

Фото: Хабар 24