Заманауи қазақ әдебиеті антологиясы Мәскеуде таныстырылды

Заманауи қазақ әдебиеті антологиясының таныстырылымы Ресейде өтті.  Поэзия мен проза шығармалары жинақтарын Мәскеу мемлекеттік университетінің баспаханасы орыс тіліне аударып, басып шығарған. Тұсаукесер рәсіміне Ресей жазушылар одағының жетекшілері, аудармашылар, әдеби редакторлар мен сыншылар қатысты. Бұл жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан.

АИДА БАЛАЕВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨМЕКШІСІ:

 - Ең бастысы – әдебиетімізді үлкен оқырманға жеткізу. Ол мақсатка жеткен сияқтымыз. Ең белгілі авторларымыздың шығармалары бар: оның ішінде жас буын да бар, орта буын да бар, классиктеріміз де бар. Сол кісілердің туындылары арқылы еліміз туралы кең мағлұмат алады деп сенемін. Әдебиет арқылы ұлттың болмысын, мінезін, дәстүрін білуге болады деп сенемін.

АЛЕКСАНДР ВЕРАКСА, ММУ БАСПА ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл жұмысқа Мәскеу университеті қатыстырылғанына өте ризамыз. Біздің негізгі міндеттеріміздің бірі - жас буынды тәрбиелеу, яғни оларды үлгі тұрарлық мәдени жетістіктермен таныстыру болып отыр.

Антологиялардың орыс тіліндегі нұсқасы осы тілде сөйлейтін 14 елдің 3,5 мың кітапханасы, университеті мен ғылыми орталықтарына жеткізіледі.

ВЛАДИМИР БОЯРИНОВ, РФ ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ МӘСКЕУ ҚАЛАЛЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Ақын немесе дарынды жазушы сөз айтқанда, оның үні халыққа естіледі, өйткені ол ерекше бейнелеп сөйлейді. Бұл оқырмандардың қаны мен жанына сіңеді. Ең бастысы – оқырманын табу. Сол себепті бүгін осы залда отырған 100 адам әдебиетімізге төселіп, біздің кітаптарымызды алып жатыр. Халық мұны естіп, артынан ереді. 

«Заманауи қазақ мәдениетінің әлемдегі орны» жобасы аясында қазақтың әдеби шығармалары БҰҰ-ының ресми 6 тіліне тәржімаланды. Бұған дейін антологиялардың тұсаукесер рәсімі Мадрид, Париж және Лондонда өтті.  Жинақтар әлемнің 90 мемлекетіне таратылады. Бұл – осы елдерде тұратын 2,5 млрд халық біздің төл әдебиетіміздің жауһарларымен сусындай алады деген сөз.

Фото: Казинформ