«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 100-ден аса жоба мақұлданды

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 100-ден аса жоба мақұлданды

Қазақстанда жаңа өндірістер құрылады. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 100-ден аса жоба мақұлданды. Кәсіпкерлерге жалпы көлемі 44 млрд теңге болатын несие берілді. Мемлекет тарапынан қарастырылған қаржының жалпы көлемі – 600 млрд теңгені құрайды және ол алдағы жылға дейін толық игерілуі керек. Негізінен өңдеу өнеркәсібін, агроөнеркәсіп кешенін және тағам өндірісін дамытуға бағытталмақ.

НАЗИРА ҚАДЫРОВА, ҚР ИИДМ КОМИТЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Жеңілдетілген несиенің көлеміне қатысты нақты шектеу жоқ. Егер өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобаның құны 10 млрд теңгеден, ал агроөнеркәсіп кешені саласындағы жобаның құны 500 млн теңгеден асса, құзырлы министрліктерден оны мақұлдайтын құжат қажет болады.

Бағдарламаға шағын және орта бизнес субъектілері де, ірі бизнес өкілдері де қатыса алады. Отандық өнімді тұтынуды артық көретін қазақстандықтардың саны да артып келеді. Аяқ-киім шығаратын мына цехтың жұмыс істегеніне биыл үшінші жыл. Таза былғарыдан тігілетін сапалы өнімге сұраныстың артқаны сонша, қазір мұнда айына 1 мың дана аяқ-киім тігіледі.

ДӘУРЕН РАМАНҚҰЛ, ЦЕХ ҚҰРЫЛТАЙШЫЛАРЫНЫҢ БІРІ:

 - Біздің алдағы жоспарларымыз өте үлкен. Ең бірінші жоспарымыз – айына 5 мың жұп аяқ-киім жасау. Және ол аяқ-киімдерді Қазақстан ішінде сатып қоя салмай, шетелге де жіберу. Ол біздің ең жақын көршілеріміз Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттеріне жіберу.

Батыс Қазақстан облысында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында макарон өнімдерінің өндірісі, қымыз және пластик ыдыс өндірістері іске қосылады. Жалпы саны кәсіпкерлер 80-ге жуық бизнес-жоба ұсынған.

МАРАТ НҰРҒУАТОВ, КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ БҚО ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Кәсіпкерлердің алдында қазір мол мүмкіндіктер бар. Яғни қазір олар «Өндіріс» бағдарламасын, болмаса 2025 жылға дейін ұзартылған «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын немесе «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын таңдай алады. Яғни сіз бизнес жоспар жасасаңыз, сол бойынша осы 3 бағдарламаның ішінен өзіңізге керектісін таңдайсыз. Біз кәсіпкерлер палатасы жобалық кеңседе қажетті қолдау көрсетеміз.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына Жамбыл облысында өңірдің 130-дан аса бизнес өкілі қатысқалы отыр.

ДАМИР ЕГІЗБАЕВ, ИНВЕСТОРЛАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ, ЖОБАЛЫҚ БАСҚАРУ ЖӘНЕ ЦИФРЛАНДЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - «Қарапайым заттар экономикасы» біздің есептеуімізше, облыстың экономикасын дамытуға үлкен серпін береді. 75-78 млрд теңгенің қосымша өнімі шығарылады. Облыста жалпы ішкі өнім көрсеткіші 5% артады.

Бүгінде жалпы сомасы 300 млрд теңге болатын 200-ге тарта жоба қаралу үстінде. Сарапшылардың айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру есебінен 2025 жылға қарай республика импортының үлесі 37 пайызға дейін қысқарады.

Фото: egemen.kz