6 жылдан кейін Қазақстан балабақшалары мен оқу орындарында латын әліпбиі енгізіледі

6 жылдан кейін Қазақстан балабақшалары мен оқу орындарында латын әліпбиі енгізіледі

Қазақстанда латын қарпіне көшу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары бар. Жаңа әліпби бекітіліп, жұмыс топтары құрылды, арнайы оқыту курстары да ашылды. Қазір тіл мамандары мен ғалымдар арнайы сөздіктер мен анықтамаларды латын қарпіне көшіру бойынша жұмыс істеп жатыр. Сарапшылардың пайымдауынша, 6 жылдан кейін еліміздің барлық балабақшаларында және оқу орындарында латын әліпбиі енгізіледі.

ЕРДЕН ҚАЖЫБЕК, А.БАЙТҰРСЫНОВ АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - 2021-2022 жылдары бастауыш сыныптар мен балабақшалар латын әліпбиіне көшеді. Кесте бойынша 2025 жылға дейін бұл үрдіс аяқталады. Бұл мерзімге дейін тіл қолданылатын барлық сала бір ғана латын графикасында жұмыс істейтін болады.

ГАУҺАР ЕЛЕМБАЕВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:  

- Құжаттар, хаттар, бұйрықтар жазылатын фирмалық бланктар, мөрлер ауысады. Мекемелердің, бөлімдердің маңдайша жазулары толықтай латын қарпіне көшіріліп жатыр.

Елімізде латын графикасын қолдану аясы кеңейіп келеді. Әр аймақта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Қызылорда облысында латын графикасына өту дағдыларын қалыптастыруға бағытталған бағдарлама әзірленіп жатыр. 12 мың сырбойылық латын қарпі бойынша диктант тапсырып, біліктілігін сынады.

ӘСЕЛ БАҚЫТОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 - Ендігі мақсат – қазақ тіліне негізделген латын графикасын үйрету. «Өрлеу» оқу-әдістемелік орталығымен бірлесіп, ортақ меморандум аясында Өрлеуден 30 мұғалім, орталық мамандарын жинап, 2 күндік 60 сағаттық оқу курсын өткіздік. Ендігі кезекте тілдерді оқыту орталығы 40 сағаттық латын қарпін үйрету, оқу, жазу дағды қалыптастыратын бағдарлама жасап жатыр.

Ал ақтөбелік тұрғындар қазақ тілінің латын әліпбиін күзде меңгере бастайды. Барлығы бағдарламамен 500-ге жуық адамды қамту жоспарланып отыр. Курс барысында мамандар тыңдаушыларға латын қарпіне көшудің себептері мен әріптерді жазу ерекшеліктерін түсіндіретін болады.

АҚМАРАЛ СҮГІРБАЕВА, ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ:

 - Курс барысында тыңдаушылар, жазылым, оқылым, тыңдалым дағдылары бойынша білімдерін меңгеретін болады және де сол курс аясында бірнеше рет диктант жұмысын жаңа графикада жазады. Оқу жылдамдықтарын арттыру мақсатында оқылым жұмыстарын орындайтын болады. Курс соңында тыңдаушыларға сертификаттар табысталады.

Латын қарпіне көшудің артықшылығы көп, дейді мамандар. Мысалы, жаңа әліпби түркі халықтарын жақындастырып қана қоймай, қазақ жазуын барша әлемге танытуға да әсер етеді.