«Рухани жаңғыру» бағдарламасына 2 жыл

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына 2 жыл

Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғам тіршілігінің барлық саласын қамтыды. Игі бастамаға биыл 2 жыл толып отыр. Осы уақытта бір ғана мәдениет саласында былтыр 500-ден астам жоба жүзеге асырылған. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» – солардың бірі. Бұл ретте елімізде 2017 жылы қазақ тіліне аударылған әлемнің ең үздік 17 оқулығы қайта басып шығарылмақ. Ал, алдағы мамыр айында осы тәріздес тағы 30 шақты кітап еліміздің кітапханаларына таратылмақ. Олар 10 мың данамен басып шығарылады.

ЕВГЕНИЙ КОЧЕТОВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАСТАМАЛАР ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Екі жылдың ішінде бас-аяғы 48 кітап қазақ тіліне аударылды. Бұл дүкендерде сатыла беретін анау-мынау оқулық емес. Олар теңдессіз туындылар. Екінің бірі мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмайды. Мәселен, Друкердің маркетинг жайлы оқулығы бизнесте жүрген белді тұлғалардың үстелінде тұрады. Ал қазір мұны біздің студенттер оқып жүр. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жан-жақты әрі түрлі бағыттарды қамтиды. Еліміздің барлық өңірлерінде тарихи ескерткіштер реставрацияланып, жаңа нысандар ашылды. Археологиядағы сенсация атанған «Алтын адам» әлем мұражайларына саяхаттап жүр. Ұлттық музейдің көрмелері әлемнің 6 елінде өтті және әлі де жалғасады.

ГАУХАР ТАСБЕРГЕНОВА, «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ОРТАЛЫҚ ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІНІҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ:

- Қазір қазақстандық бренд деген түсінік қалыптасты. Өткен жылы «Астана Опера» театры Италияда «Абай» спектаклімен өнер көрсетті. Қойылымға әлемнің ең танымал режиссерлері тартылды.

Ел өркендеуі үшін білім, мәдениетпен бірге тарих саласы да қатар дамуы қажет. Өткенін есте сақтап, мақтан тұтатын елдің болашағы зор болмақ. Елбасы бұл ойды өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ерекше атап өтеді. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болды. Мақалада айтылған бастамалар бабалар мұрасын сақтап қана қоймай, тың технологиялардың көмегімен модернизациялауға жол ашады.

Фото: egemen.kz