100 жаңа есім: генетик Болат Сұлтанқұлов

100 жаңа есім: генетик Болат Сұлтанқұлов

Екі шетелдік беделді оқу орны Ноттингем және Питтсбург университеттерінің түлегі Болат Сұлтанқұлов тері жасушаларын өсірумен айналысады. Бұл еліміздегі косметология саласындағы тың жетістіктердің бірі. Бүгінгі күні генетик ғалымның Алматы және еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанда екі заманауи зертханасы бар. Ғалым зертханаға кірер бойда арнайы медициналық киімдерін киіп, мұқият дезинфекция жасайды. Себебі мұнда барынша таза болу керек. Тері жасушаларын өсіру үрдісі оңай емес. Алғашында жасушалар тоңазытқышта сақталып, өздігінен көбейеді. Әр жасуша шамамен 2 ай өмір сүреді.

БОЛАТ СҰЛТАНҚҰЛОВ, ГЕНЕТИК

- Бұл жасушыларды өсірген соң, біз косметолог дәрігерлерге өткіземіз. Олар оны адамның терісіне егеді. 12-18 айдан кейін емделушінің терісі жақсара түседі.

Жаңа жасушалар бет терісін жақсартып қана қоймай, тыртықтарды кетіруге де ықпал етеді. Бірақ елімізде бұл салада еңбек ететін ғалымдар саусақпен санарлық. «100 жаңа есім» жобасы екінші кезеңінің жеңімпазы Болат Сұлтанқұловтың айтуынша, 2013 жылы олардың саны бұдан да аз болған. Осыдан 3 жыл бұрын оған алдымен өз орталығын ашу туралы ой келіп, соның негізінде отандық косметологияның жаңа бағытын іске қосуға ниет білдірген.

БОЛАТ СҰЛТАНҚҰЛОВ, ГЕНЕТИК:

- Мен бірінші кезекте өз зертханамды ашуды армандайтынмын. Елімізде осы саланы дамытуға болатындығын өз-өзіме дәлелдегім келді. Әрине, бұл оңай емес, бірақ қолдан келетін іс.

Бүгінгі таңда Болат Сұлтанқұлов әріптестерімен бірге бірқатар жобаларды бастап кетті. Соның бірі - полимер өндіру. Оны адамның бет терісіне ексе, теріні сол қалпында сақтап қалуға болады. Ғалымдар мұнымен шектелмей,  сонымен бірге шаштың түсуін тоқтату бағытында да зерттеу жұмыстарын қолға алған.

Фото: sib-science.info