«Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасы: Сарапшылар пікірі

«Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасы: Сарапшылар пікірі

«Нұр Отан» партиясының жаңа бағдарламасы азаматтардың мүдделерін  қорғауға бағытталған. Ол мемлекет басшысы тапсырмасындағы жан-жақты жаңғырту үрдісін қамтамасыз етеді, - дейді сарапшылар. Сондай-ақ бизнес, мемлекеттік басқару, денсаулық, білім беру сынды салаларды дамытатын болады. Әсіресе жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлінбек.

СЕРІК БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ҚОРЫ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЭСИ САРАПШЫСЫ:

 - Бірнеше жыл ішінде мемлекет тарапынан жастарға қосымша қолдау көрсетілетін болады. Жастарды ауылдарға тартуға көңіл бөлінбек. Бұл үшін жастардың ресурстық орталықтары жұмыс істейді. Елде олардың саны 200-ге жуық. Сондай-ақ арнайы курстар, тренингтер мен жастарға арналған семинарлар өткізіледі.

Партия бағдарламасының басым бағыттарының қатарына жоғары білімді қолжетімді ету де еніп отыр. Жастардың жаһандық бәсекеге сай сапалы білім алуларына бар мүмкіндік жасалауы тиіс. Ал бұл үшін үздік мамандарды тарту маңызды,- дейді сарапшылар. Олар кәсіпқойлардың жаңа инновациялық буынын қалыптастыратын болады.

КАМИЛА КОВЯЗИНА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ҚОРЫ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЭСИ САРАПШЫСЫ:

 - Білім сапасы, ең алдымен, оқытушылардың біліктілігіне байланысты. Бұл тұста, әсіресе, тілдің үштұғырлығын атап өткім келеді. Статистика бойынша, біздің еліміздің тұрғындарының 53 пайызы жоғары біліммен қамтылған. Бұл – айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Өзге елдермен салыстырғанда, жақсы нәтиже деп айтуға болады. Ендігі міндет – осы білімді жұмыс берушілердің, нарықтың талабына сай ету. Осы бағытта қызу жұмыс жүргізілетін болады деп ойлаймын.

Фото: iwep.kz