Үштілділік – жаңа заман сұранысы

Үштілділік – жаңа заман сұранысы

Білім саласындағы реформаларды мақсатына жеткізіп, үштілділікті қалыпты жолға қою – «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі 10 басым міндеттерінің бірі. Бұл үшін педагогтарды дайындап алу керек деген елбасы ұсынысы сырбойылық ұстаздардың ойынан шығып отыр. Мұғалімдерге арналған бірнеше әдістемелік кешендердің авторы Мейвис Куок бүгінде Назарбаев зияткерлік мектебінің арнайы шақыртуымен сырбойылық оқушы-оқытушыларға ағылшын тілін үйретіп жүр. Канадалық маман бәсекеге қабілетті буын тәрбиелеуде оңтайлы методика және қосымша интеллектуалды әлеует керектігін айтады.

МЕЙВИС КУОК, КАНАДАЛЫҚ ОҚЫТУШЫ:

 - 3 айда сіз күнделікті ауызекі ағылшын тілінде сөйлеп кетуіңіз мүмкін. Ал сабақ беретін деңгейге жету қиындау. Жеке пәндер терминологиясын қалыптастыру керек. Негізі әлемдік тәжірибеде тілдік білім реформалары 40 жылда нәтижесін береді. Бірақ қазір Қазақстанда ынтасы жоғары мұғалімдердің ортасы қалыптасып келе жатыр.

Элеонора Сағатқызы биология пәні бойынша жоғары сынып оқушыларына ағылшын тілінде сабақ беріп жүр. «Ұстаз-LINE» 6 айлық курсынан өткен мұғалім «В1,В2, С1» сертификатын алған. Талап үдесінен шығу үшін үздіксіз ізденіс пен білім жетілдіру үнемі қажет дейді, - жаңашыл педагог.  

ЭЛЕОНОРА ТҮКІБАЕВА, БИОЛОГИЯ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

 - Бірінші күндері қиын болды. Өйткені бірнеше жыл болды ағылшын кітаптарының бетін ашпаған соң, ұмытып қалады екенсің. Күнде дайындалу керек, оқытушы айтқандай кітап оқу керек, ағылшын тілінде кинолар көру керек, аудиомашықтану керек.

Халықаралық қатынас тілдері арқылы біз қазақ жерінің барлық ғаламатын ғаламға таныстырамыз және шет мемлекеттермен экономикалық байланысты дамытамыз. Осыны ескерсек, үштілділік үдерісі – жаңа заманның сұранысы.

Фото: strategy2050.kz