«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Асан Жолдасов

«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Асан Жолдасов

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енген 29 жастағы дарынды математик Асан Жолдасов – қосымша білім беру мектебінің негізін қалаған жас маман. Бұл білім шаңырағы математика пәні бойынша халықаралық олимпиадаларда жүлдемен оралған мыңдаған жеңімпаздарды дайындап келеді. Алайда ол жеңгенімнен, жеңілгенім көп болды дейді. Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебіне де, бірінші сынақтан түсе алмай, кейін олимпиада жеңімпазы болып оқуға қабылданады. Кейін ол бірнеше халықаралық олимпиадалар мен жарыстардың алтын, күміс жүлдегері атанады.

АСАН ЖОЛДАСОВ, ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ МЕКТЕБІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

 - 19 жасымда мен мектеп ашқан кезде өте максималист болатынмын. Сол максималистік мінезім өз өмірімде болған қиыншылықтарды жеңе білуге талпындырды. Енді осы қасиетімді балаларға да үйреткім келді. Екіншіден, мақсатым – білім беру арқылы отаныма жақсы нәтиже алып келу.

Асан Жолдасов – IT-саласының маманы. Бірақ ол ұстаз болуды таңдапты. Жас математиктің есебі бойынша, ол 1 сағатта жүздеген баланың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, жеңіске жетуіне ықпал ете алады.

ГҮЛЖАЙНА МӘДІБЕКОВА, ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ МЕКТЕБІНІҢ АЛМАТЫ Қ. БОЙЫНША АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

-  Асан Кенжеғазыұлы – өте еңбекқор адам. Оның жақсы бір қасиеті бар, егер ол адамның бойынан потенциал көретін болса, мейлі ол оқушы болсын, қызметкер болсын, ол сол адамды өсіру үшін қолынан келгеннің барлығын жасайды.

Асан Жолдасовтың алдағы мақсаты – еліміздегі математика ғылымын әлемдік деңгейге көтеруге өз үлесін қосу. Жас математик 2019 жылдың «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының барлық жеңімпаздарымен жекелей танысып та үлгерген. Оның ойынша, осындай дарынды жастар еліміздің жарқын болашағын қалыптастырып, жас ұрпаққа үлгі бола алады.

Фото: arasha.kz