«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Иван Крепак

«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Иван Крепак

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының II кезеңінде 29 жерлесіміз жеңімпаз атанды. Бұл жолы белсенді жастарға басымдық берілді. Жүзден жүйрек шыққандардың бірі – Иван Крепак 3 жасынан бастап техникамен әуестенеді. Ал 7 жасында еліміздегі коммерциялық банк өнімінің жарнамалық дизайнын жасап беріп, алғашқы қаламақысын алған. Иванның барлық әзірлемелері адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Смартфонның көмегімен шкафтарды ашуға мүмкіндік беретін Smart Lock «bLock» жобасы солардың қатарында. Ол Силикон алқабында «Үздік бизнес-идея» сыйлығын алды.

ИВАН КРЕПАК, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ 100 ЖАҢА ЕСІМІ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - 2017 жылы мен nFactorial инкубаторында оқытуға өтініш білдірдім, онда біз мобильді қосымшаны жасаудың әдіс-тәсілдерін үйрендік. Содан кейін мен өзім жиі кездесетін мәселелерді шеше алатын қосымшаны ойлап табу керек деген шешім қабылдадым.

Иван – 2 жыл бойы мобильді қосымшаларды әзірлеу бойынша Technvation тәлімгері. Осы ретте оның оқушыларға арналған мобильдік қосымшасын атап өтуге болады.

ИВАН КРЕПАК, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ 100 ЖАҢА ЕСІМІ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - Мобильдік қосымша «Zharys» деп аталады. Қазақ тілінен аударғанда ойын, сайыс деген мағынаны білдіреді. Бұл қосымшаны жүктеу арқылы оқушылар алдағы жарыстар тізімін біле алады.

Иванның еңбекқорлығы мен оның ғылымға деген қызығушылығы өзгелерге үлгі. Ол танымал болуды емес, қарапайым азаматтарға, өзі өмір сүрген қоғамға пайда келтіруді ойлайды.

ГҮЛФАРИДА РАИСОВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ол бір бастаған ісін ең алғашқы қадамынан бастап, соңына дейін жеткізуге үнемі тырысады. Бұл – мен үшін емес, менің сыныптастарым, мектебім, қоғамым үшін деп бірден бөлісетіні ең жақсы қасиеті.

Иванның«Voice-Komek» деп аталатын мобильдік қосымшасы – соның дәлелі. Ол ым-ишара тілін білмейтін адамдар мен мылқау жандардың арасындағы кедергіні жоюға арналған. Қосымша мәтінді дыбыстық импульске және керісінше дыбыстық белгілерді мәтінге айналдыра алады. Иван Крепак «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атануын үлкен абырой деп санайды.

Фото: vkfaces.com