Астанада латын әліпбиіне негізделген IT жобалар таныстырылды

Астанада латын әліпбиіне негізделген IT жобалар таныстырылды. Олардың қатарында «Qazlatyn.kz» ұлттық порталы бар. Ғаламтордағы парақшада жаңа емлеге көшу кезеңдері жөнінде толық мәлімет көрсетілген. Сонымен қатар төте жазуға қатысты ғылыми еңбектер мен инновациялық бастамалар да енгізілген. Бұған қоса жоба аясында қазақ тіліндегі сөздердің сипаттамасын көрсететін электронды «Sozdikgor.kz» іздеу желісі де іске қосылды.

РЫМБЕК ІЗҒАЛИ, ЖОБА АВТОРЫ:

- Сөздік қор порталы әзірленді. Бұл порталда қазақ тіліндегі сөздердің қоры берілген. Қазіргі кезде бұл порталда 300 мыңнан астам сөз түсінектемесімен, аудио яғни, дыбысталумен бірге бар. Қазіргі таңда сөздер түзетуден өтіп жатыр. Бұл сөздік әлі де толтырыла береді.

«Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы» атты электронды алаң – алдымен көпшілікті латын графикасына бейімдеуге бағытталған кешенді жоба. Осының аясында жаңа қаріпті үйретуге арналған «Tilgural» веб-сервисі де ғаламтор кеңістігіне шықты.   

ЕРБОЛ ТІЛЕШОВ, «ТІЛ-ҚАЗЫНА» ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

 - 2019 жылғы негізгі жоспар – бекітілген емле ережені халыққа үйрету, халыққа үйрететін мамандар дайындау. Соған байланысты білім және ғылым министрігінде 9038 адам жоспарланған. ҚР Мәдениет және спорт министрігінің қолдауымен 2400 адамды оқытамыз. Курстар Астана қаласында болады.

Бұдан бөлек, бүлдіршіндердің латын әліпбиін неғұрлым тез меңгеруі үшін 3D форматта арнайы мультфильм әзірленген. «Селтең сері» атты анимациялық фильмі де кішкентай көрермендерге жол тартады. Осы бағытта балаларға арналған бірқатар ойынның да тұсауы кесілді.