«Ұлы даланың жеті қыры»: Ұлы Жібек жолы

«Ұлы даланың жеті қыры»: Ұлы Жібек жолы

Ұлы Жібек жолы – көне өркениеттің ең табысты әрі маңызды жетістіктерінің бірі. Бірегей керуен жолы Шығыс пен Батыс мемлекеттерді байланыстырған көпір іспетті. Ол халықтарды біріктіріп, экономика, сауда-саттықты бір ізге салып, саясат пен түрлі мәдениеттерді тоғыстырған халықаралық торапқа айналды. Қазақстанның аумағын басып өтетін Жібек жолының тармағы өз бастауын Қытай шекарасынан алды. Аспан асты елінің саудагерлері кең байтақ қазақ далалары арқылы Еуропаға жібек, қару-жарақ, дәрі-дәрмек пен азық-түлік өнімдерін тасымалдады. Сауда дәлізі Сайрам, Яссы, Отырар, Тараз сынды көне қалалар арқылы өткен болатын.

РАДИК ТЕМІРҒАЛИЕВ,  ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЭСИ САРАПШЫСЫ:

 - Өз мақаласында тарихқа көз жүгірткен елбасы Ұлы Жібек жолының маңыздылығына ерекше тоқталып өтті. Бірегей сауда керуенінің жалпы адамзат тарихындағы алар орны бөлек болды. Осы жол арқылы халықаралық сауда дамып, көне Қазақстан аумағында мемлекеттер құрыла бастады. Олар Жібек жолының транзиттік тораптарына айналды. Әсіресе, осы аймақта Түркі қағанаты билік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолының солтүстік бөлігі гүлдене түсті. Осы жерге келетін керуендердің қатары еселенді. Қызу сауда-саттық пен қатынас ғасырлар бойы үзілген жоқ.

Қазақстанның аумағын кесіп өткен көне халықаралық сауда дәлізі жолдың бойындағы барлық мемлекеттердің экономикасымен бірге саяси және мәдени байланысын дамытуға септесті. Әсіресе Орталық Азияда маңызы зор болды.

РАДИК ТЕМІРҒАЛИЕВ,  ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЭСИ САРАПШЫСЫ:

 - Қазақстан – Жібек жолының ажырамас тармақтарының бірі болды. Өзбекстан, Қазақстан сынды аймақ елдері өзара қарым-қатынасты осы жол арқылы құрды. Жалпы Орталық Азия өңірінің экономикасы мен мәдениеті Жібек жолымен бірге дамыды.

Елбасының пікірінше, Еуразия кеңістігінде Түркі халықтарының үстемдік құрған кезеңінде Ұлы Жібек жолы өз гүлдеуінің даму шегіне жетті. Осылайша жалпы жаһандық деңгейде экономика, мәдениеттің өркендеуіне сүбелі үлесін қосты.