Британдық саяхатшы қазақ халқы мен тарихы туралы кітап жазбақ

Британдық саяхатшы қазақ халқы мен тарихы туралы кітап жазбақ

Ұлы даланың көшпенді халқының ұрпағы қазақстандықтар өздерінің бай тарихи мұраларымен мақтана алады. Бұл – британдық саяхатшы Джон Масси Стюарттың пікірі. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқып шыққан шетелдік дала халқының тарихынан сыр шертетін кітап жазуды қолға алмақ. Оның осыған дейін «Томас, Люси және Алатау: Аткинсондардың Сібір және Қазақ даласындағы бастан кешкендері» атты еңбегі жарық көрген. Кітап ержүрек ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон туралы баяндайды. XIX ғасырда ол жұбайы Люсимен бірге осы аймақты аралап, қойын дәптеріне табиғат көріністерін бейнелеп, жергілікті халықтың тұрмысы мен салт-дәстүрі жайлы алған ақпаратын түртіп отырған.

ДЖОН МАССИ СТЮАРТ, ЖАЗУШЫ:

-  Мен Қазақстан жерінде болғаныма ұзақ уақыт өтті. Сондықтан елді сағынып қалыппын. Жақында мен қазақ даласы мен Сібірдегі үш азамат жайлы баяндайтын кітап басып шығардым. Ол кезде уақыт пен орынның тапшылығынан көп дүние тыс қалды. Мәселен, менің елімде өркениет пайда болмаған кездің өзінде осы жердегі көне қорғандар болды. Олар кітапқа енген жоқ. Сондықтан да Қазақстанды қайта зерттеп, жаңа еңбек жазғым келеді.

Қазақ халқының асыл мұрасы мен қазыналы өткенін кеңге насихаттау керек. Мәселен, жер-жаһанға жақсы таныс Алтын адамның тарихын білумен қатар, көне жәдігермен әлемнің әр түкпірі тікелей танысуы тиіс. Польша елінің депутаты Казимеж Клейна осындай пікірде. Шетел саясаткері елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын оқып шыққанын айтады. Онда қазақстандық Тутанхамон деп аталып кеткен жәдігердің мән-маңызына басымдық берілгені аса орынды дейді. Сарапшы Алтын адамның таныстырылымы Еуропа елдерінің ішінде алдымен Польшада өткеніне ерекше тоқталып өтті. «Алтын адамның шеруі» атты жоба өткен күзде Гданьск қаласына аялдаған болатын.

КАЗИМЕЖ КЛЕЙНА, ПОЛЬША ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Мен елдің тарихының айрықша кезеңдерінен сыр шертетін Президент мақаласын зейін салып мұқият оқып шықтым. Мен үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың Алтын Адамға жіті тоқталған тұсы қатты қызықтырды. Өйткені мен ол жәдігерді өз көзіммен көрдім. Осы әлемдік археологиялық ашылудың таныстырылымы Гданьск қаласында өтті. Жылжымалы көрме өте үлкен әсер қалдырды. Қазақстанның ұлттық мұражайы мен Гданськ музейінің бірлескен жұмысы үлкен сұранысқа ие болды. Экспозицияны поляктар бір ай бойы тамашалады. Олар Қазақстанда табылған құнды жәдігерге аса қызығушылық танытты. Біз тарихтан ежелгі Греция, Мысыр жайында жақсы білеміз. Енді көне дала өркениеті жайлы да көбірек білетін болдық.