«Ұлы даланың жеті қыры»: Америкалық киногерлердің пікірі

«Ұлы даланың жеті қыры»: Америкалық киногерлердің пікірі

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры мақаласы» америкалық мәдениет және өнер қайраткерлерін ынтымақтастықта жұмыс атқаруға шабыттандырып отыр. Осылайша, Қазақстан тарихына АҚШ кинорежиссерлері мен киноөндірушілері қызығушылық танытуда. Еске сала кетейік, мемлекет басшысы өз мақаласында Қазақстандағы өркениеттік дамуды паш ететін фильмдер түсіруді тапсырған. Бұл жұмыс отандық және шетелдік киногерлердің қатысымен жүзеге асырылуы керек делінді. Президенттің осы үндеуіне америкалық киногер Эдвард Старосельский үн қосты. 

ЭДВАРД СТАРОСЕЛЬСКИЙ, АМЕРИКАЛЫҚ ДЕРЕКТІ ФИЛЬМДЕР ТҮСІРУШІ:

-  Италия, Грекия, Египет халқы өз тарихын мақтан ететінін білеміз. Сондықтан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақтардың ұлттық болмысын насихаттауға назар аударуы өте дұрыс шешім. Біз өнерге байланысты деректі фильмдерді түсірумен, графикамен, заманауи технологиямен айналысамыз. Осы ретте Қазақстанның тарихи бай мұрасын насихаттауға өз үлесімді қосамын деген үміт бар.

Сондай-ақ елбасы мақаласын оқыған британиялық сарапшы Дэвид Уильям Перри үлкен әсер алған. Ақын, драматург, Корольдік өнер қоғамының мүшесі және Еуразиялық шығармашылық гильдиясының төрағасы бірнеше рет Қазақстанда болған. Оның ойынша, өткенді ұмытпай, болашақ туралы ойлай білетін, тарихы тереңде жатқан Қазақстан – өзге елдерге үлгі боларлықтай қасиетті мекен.

ДЭВИД ПЕРРИ, ДРАМАТУРГ:

 - Жануарлар мен өсімдіктердің бейнесін ағаштар мен тастарда бейнелеу адам мен табиғат арасындағы үлкен байланысты аңғартады. Бұл басты тұрмыс қағидаты қазақ халқына бесенеден белгілі. Шынымен де, Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті, өз жазуы мен мифологиясы болды. Ол жайлы көп естіген Батыстың сіздерге деген қызығушылығы ерекше. Мен Қазақстанның ғажайып мәдени астанасы Алматыны жақсы көремін. Сондай-ақ елордаға барып та таң-тамаша болғаным бар.

Шетелдік сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын зерттеуді жалғастыруда. Бірақ олардың барлығы ерекше тарихи маңызы біртұтас құжат деген пікірде. Бүгінде Қазақстан өзінің тарихын және әлемдік өркениетке қосқан үлесін ілгерілетуі тиіс.