2018 жыл Қазақстанда «Рухани жаңғыру» ұранымен өтті

2018 жыл Қазақстанда «Рухани жаңғыру» ұранымен өтті

2018 жыл Қазақстанда «Рухани жаңғыру» ұранымен өтті. Аталған бағдарламаның шеңберінде ұлттық тарихымызды, салт-дәстүрлерімізді, құндылықтарымызды жаңғыртуға мән берілді, төл мәдениетімізді шетелдерге таныстыруға, насихаттауға көңіл бөлінді.

Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» ел аумағында археологиялық жұмыстардың жандануына да серпін берді. Ғалымдар жаһандық өркениеттің дамуына ықпал еткен көптеген жаңалықтар Ұлы дала жерінде жасалғанын айғақтайтын көптеген дәйектер тапты. Солардың бірі – адам мен жылқы арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Қамбар ата тұқымы алғаш рет Қазақстан аумағының теріскейіндегі жазық даласында қолға үйретілген. Еліміздің солтүстігінде Ботай қонысының табылуы әлем назарын аударған оқиға болғаны талассыз шындық.

ЗЕЙНОЛЛА САМАШЕВ, ТАРИХШЫ-АРХЕОЛОГ:

-  Үлкен жаңалық – жалпы ата-бабаларымыздың, біздің жеріміздің, еліміздің тарихи дәрежесін, тарихи мәдениетінің жоғары дәрежесін бүкіл әлемге паш ететін ескерткіш. Сондықтан біз енді Ботай мәдениетімен мақтанамыз.

Осылайша, осы жерді б.з.д. ІVмыңжылдықта мекен еткен адамдар жылқыны қолға үйретіп, арбаға жеккені, бие байлап, қымыз ашытқаны археологиялық қазбалар арқылы дәлелденді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну мәдениетіне ерекше тоқталып өтті. Бүгінде ат үстінде ойналатын ойындар ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі, тіпті ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұраларының тізіміне енгізілген.  

САЯСАТ АМАНҚҰЛОВ, ШАБАНДОЗ:

 - «Ер қанаты – ат» демекші, өзім 6 жасымнан бері ат спортымен айналысып келемін. Көптеген ат жарыс, бәйгелерге қатысып, жүлдегер атандым. Енді қазіргі таңда көкпарға көшіп жатырмын.

Бабалар мұрасы дала өнерін айдай әлемге жаңғыртуда дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алар орны бөлек.  Қырғыз елінде өткен биылғы тартыста қазақстандықтар жер-жаһанның 82 мемлекетінен келген 2,5 мыңнан астам спортшымен бақ пен бап таластырды. Құмай тазы ертіп, бүркіт ұстаған шабандоздар, атбегілер баптаған сәйгүліктерімен бәйгеге түсіп, теңге ілу, жамбы атудан ептілік, аударыспақтан күш сынасты.  

Міне, атқа қону өнерінің хас шеберлері осындай додаларда да көшпелі қазақ елінің ұлттық мәдениетін төрткүл дүниеге танытып келеді.