2019 жылы сәуір айында этноспорт түрлерінен Әлем чемпионаттары өтеді

2019 жылы сәуір айында этноспорт түрлерінен Әлем чемпионаттары өтеді

Қазақстан – атбегілік мәдениеттің отаны, дейді осы саланың басы-қасында жүрген азаматтар. Жылқының адамзат тарихында алғаш рет Ұлы дала жерінде қолға үйретілгені туралы Президенттің мақаласында да айтылған. Ата-бабаларымыз сәйгүлікті ер қанаты санаған. Жігіттің ептілігін, мықтылығын сынайтын салт атты ұлттық ойындар қаншама. Бүгінгі міндет – сол мұраны сақтап қана қоймай, кеңге насихаттау, әлемдік деңгейге көтеру, дейді игі жақсылар. Атап айтқанда, келесі жылы сәуір айында елімізде халықаралық Этноспорт конфедерациясының симпозиумын, жамбы ату және көкпардан Әлем чемпионаттарын өткізу көзделген. Бұл жоспарлары туралы атбегілер Алматыда өткен жиында мәлім етті.

БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ, ҚР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Ат біздің қазақтың айбары ғана емес, әлем алдында өркениетке сүбелі қосқан үлестің айғағы сияқты нәрсе. Әлемдік өркениетке қосқан үлесіміз осы мақалада айқын айтылған. Ендігі жерде осыған бір түбегейлі, терең сараптама жасап, анализ жасай отырып, әлем алдында өзіміздің ұлттық спортты насихаттау мәселесін бір ерекше жолға қоюды мақсат тұтып отырғандықтан жиналып отырған жиналыс.

Еліміздің Ақтөбе облысында аударыспақ қайта жаңғырып, жастар арасында кең таралып келе жатыр. Мұнда ат спортының түрлерін дамыту жұмыстары осыдан 13 жыл бұрын қолға алынған. Арнайы мектеп құрылып, аударыспақтан алдына жан салмайтын чемпиондар шықты. Көкпаршылар командасы еліміз бойынша екінші орынға табан тіреді. Кәсіби түрде жаттығып жүргендердің ішінде Қазақстан және Азия чемпиондары бар.

БАХТИЯР ТӨЛЕУОВ, №10 БАЛАЛАР ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Аудандарда қазір командалық ойындарды дамытып жатқан жігіттер бар. Осылардың арасында облысқа көшкеннен кейін, филиал ашып, соларды сағат беріп, осы жаққа әкеліп, ұлттық спортты үлкен ауқымды көлемде дамытамыз деген ойдамыз. Елбасшымыздың айтып жатқаны, ат спорты туралы, мына, атқа мінсең көптеген ауруға ем. Оны біліп қазақ атқа мінген.

Спорт мектебінде 30 ат болса, оның 12-сі көкпарға шығады. Аударыспақ пен теңге ілуге ыңғайлы аттар өз алдына. 

ӘЛІШЕР СӘЛІМЖАН, ОҚУШЫ:

 - Жануар ерекше, атқа мінген ұнайды.  Жаттығу кезінде аударыспақтың түрлері мен әдістерін үйренем. Атты күтуді білемін, олар жем-шөп, сәбіз, шекер жейді.