«Ұлы даланың жеті қыры»: Аң стилі

«Ұлы даланың жеті қыры»: Аң стилі

Қазба жұмыстары кезінде ел аумағында табылған археологиялық жәдігерлер – ежелде бұл жерде жоғары дамыған мәдениет болғандығының дәлелі. Табылған заттардың арасында құмыралар, қару-жарақ, ерекше алтын бұйымдар бар. Ежелгі жазулар да көп кездеседі. Бұл, әрине, Қазақстанның бай  шежіресінің маңызды бөлігі. Қазір оларға жергілікті тұрғындар ғана емес, барша әлем жұртшылығы қызығушылық танытып отыр. 

ӘЙГЕРІМ БЕРГЕНОВА, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Біздің Ұлттық музейге келген әрбір адам ең алдымен «алтын» залға соғады. Өйткені ежелгі сақтардың зергерлік өнерімен таныса алады. Біздің қазақстандықтар ғана емес, көптеген шетелдік делегациялар, қонақтар келеді. Олардың саны күн сайын, жыл сайын артуда.

Қазақстанның тарихи өткеніне ерекше қызығушылық танытылуы ежелгі сақ мәдениетінің ескерткіштеріндегі аң стилімен де тікелей байланысты. Оны әрбір жәдігерден көруге болады. 1969 жылы Есік қорғанында табылған «Алтын адам» осыған дәлел. Оның киімі 4 мыңнан астам алтын әшекейлермен безендендірілген.

АЗАМАТ ДАРБАЕВ,  ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ЭКСКУРСИЯ ЖҮРГІЗУШІСІ:

 - «Алтын адам» әшекейлерінің әрбір бөлшегі түрлі аңдардың пішінінде орындалған. Бұғы, барыс пен түрлі құстарды көруге болады. Әрқайсысының өзіндік мән-мағынасы бар. Төменгі жағында бұғылар суреттелген. Одан кейін барысты көруге болады. Жоғары тұсында құстар бейнеленген. Сақтар ұрпақтар жалғастығына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан әрбір әшекей аса құнды. Ол ең алдымен сақтардың дүниетанымын көрсетеді. Қазіргі уақытта біз сол кезде қандай да бір діннің болуы мүмкін дегенді жиі естиміз. Сақтарда өздерінің өмірлік пәлсапалары болғаны анық. Меніңше, бұл өте қызықты жайт. Олардың өнерлеріне қарап, осыған көз жеткізуге болады. Біздің музейіміздегі жәдігерлерге қарап, осыны түсінеміз.

Өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Елбасы біздің ата-бабаларымыздың өздерін табиғаттың ажырамас бөлігі деп санағандығын атап өтті. Бұл олардың дүниетанымын қалыптастырған. «Аң стилі» сақтардың шығармашылық ерекшеліктері мен рухани байлықтарын бейнелеу тәсіліне айналды. Мамандардың айтуынша, бұған әрбір тұрғын көз жеткізе алады. Бұл үшін елдің кез келген музейінде сақталған жәдігерлерді тамашалау жеткілікті.