«Ұлы даланың жеті қыры»: Қара және түсті металлургия

«Ұлы даланың жеті қыры»: Қара және түсті металлургия

Қазақ даласы – ежелгі металлургияның отаны. Тарихшылар «Ұлы жібек жолынан» бұрын «Мыс жолының» болғанын, керуеннің дәл осы Ұлытау жерінен өткенін айтады. Киелі өлкедегі Талдысай қонысы соның дәлелі. Бұл жерде ерте қола дәуірінде ата-бабаларымыз мыс балқытып, түрлі бұйымдар жасапты. Осыдан бірер жыл бұрын мұнда ғалымдарымыз шахталық тәсілмен жұмыс істейтін жер асты пештерін тапқан болатын.

ҒАБДОЛ ӘУЕЗОВ, ТАРИХШЫ, АРХЕОЛОГ:

 - Қазақ халқының ата-бабалары, яғни, көшпенділер тек қана мал бағып, егін егіп қана қоймаған, адамзаттың үшінші шаруашылығы –металлургияны игерген, одан бұйым жасағандығын көрсетеді.

«Бұл біздің жеріміздегі дала өркениетінің технологиялық тұрғыда қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді», - деді елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында. Қазақстан қазір де қара және түсті металлургияның қайнар көзі.

Қазақ даласындағы түсті металлургияның тарихы Қаныш Сәтбаевтың есімімен біте қайнасып жатыр. Осыдан тура 90 жыл бұрын Қарсақбай қойнауында мыстың мол қоры бар екенін алғаш дәлелдеп, өңірдің болашағын дөп болжаған осы данышпан ғалым еді.

Кейін бұл өңір Қазақстандағы түсті металлургияның қарашаңырағына айналды. Қарсақбайда зауыт салынып, алғашқы мыс алынды. Деректерге үңілсек, сол жылдары Қарсақбай жеріне сырттан 270 вагон құрал-жабдық жеткізілген екен. Мәселен, темір жонатын мына қондырғы осыдан 100 жыл бұрын орнатылған. Әлі күнге жұмыс істеп тұр. Оны өткен ғасырдың басында ағылшындар әкеліпті.

ӘБДІМӘЛІК ПРАКЕНОВ, ЗАУЫТ ЖҰМЫСКЕРІ:

 - Бұл соғыс уақытында да істеген станоктар дейді. Ол уақытта біз жоқпыз ғой, ата-бабаларымыз істеген дейді. Снарядқа дейін жонған екен.

Содан бергі бір ғасыр ішінде Жезқазған, Балқаш өңірлерінде кен байыту фабрикалары салынып, Теміртау қаласында металлургиялық комбинат іске қосылды. Осылайша, Қазақстан Магниткасы қалыптасты. Жыл сайын өндірісті жаңғыртуға барынша көңіл бөлініп келеді. Жыл соңына дейін Жезқазғандағы мыс қорыту зауытында екінші пеш іске қосылып, өндірістік қуаты 400 мың тоннаға ұлғайтылмақ. Ал Теміртаудағы комбинат былтыр тұңғыш рет 4 миллион тонна болат балқытты.

ҚАЙРАТ ШОРМАНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕРКӘСІП, ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Жуырда металлургиялық комбинаттың жұмысын жандандырудың жол картасы жасалды. Осы құжат негізінде алдағы үш жылға 300 миллиард теңге инвестиция бөлініп, өндіріс қуаты бірнеше есеге ұлғайтылмақ. Сонымен қатар экологиялық қауіпсіздік шараларын нығайту үшін де қаржы көздері табылып отыр.  

Мамандардың айтуынша, қойнауы қазынаға толы қазақ жерінде әлі де бірнеше жылға жететін кен қоры бар. Қазір кәсіпорындарымыз сол қазба байлықты тиімді игерудің тетіктерін іздеп, әлемнің озық технологияларын өндіріске енгізуде.