Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына сарапшылар пікірі

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына сарапшылар пікірі

Қазақстан тарихы – Ұлы дала тарихының бір бөлігі. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даладағы жеті қыры» атты мақаласының басты лейтмотиві. Мемлекет басшысының көрсеткен барлық бағыттарының маңыздылығы жоғары. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, олар өткен ұрпақтың көрнекті жетістіктерін көруге, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық тарихтағы рөлін объективті түсінуге мүмкіндік береді. Бұл археология, өлкетану мен туризм, кино және басқа салалардағы жаңа жобаларды жүзеге асыру барысында мүмкін болады.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН»  ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз өзіміздің шығу тегімізді, тарихымызды етене танып-білудің арқасында қазіргі заманғы әлемдегі орнымызды жақсы түсінеміз. Біз ата-бабамызды, қазақ халқының этногенезі қалай пайда болғанын, біздің елде тұратын этникалық топтардың этногенезін танып білеміз. Біз, шын мәнінде, осы мемлекеттердің ұрпақтары, әлемдік мәдениетті, әлемдік өркениетті қалыптастыруда үлкен рөл атқарған дана ұлттардың ұрпағымыз. Сондықтан біздің әлемдік экономикада, әлемдік саясатта, әлемдік қоғамдастықта лайықты орынға ие болуымыз маңызды қадамдардың бірі деп түсінемін.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаевтың айтуынша, елбасы мақаласының басты мақсаты – қазіргі уақытта ғылымда бар тарихи мәліметтердің шабыттандыратын тұстарын таба білу.  

САНАТ КӨШКІМБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Назар аударатын болсақ, президент өз мақаласында тарихи белсенділікті ерекше атап өткен.  Кез келген кезеңнің артында жарқын болашаққа бет алған ұлт мүддесі тұрады. Міне сондықтан да президентіміз тарихи мүддені дамыту арқылы ұлттық сананы жаңғыртуды көздейді. Яғни біз өткеніміз бен болашағымызды байланыстыра отырып, осындай ұлы даланың ұрпақтары екенімізді мақтан тұтуымыз керек. Біз тарихқа қарап, одан жарқын, шабыттандыратын және оң мысалдар табуымыз керек.

Айта кетейік, елбасы жоғарыда аталған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырылуы тиіс деп атап өтті. Жалпыұлттық бағдарламаның жаңа құрамдас бөліктері ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы сақталған мұраларын сандық өркениет жағдайында түсінікті әрі қолдануға ыңғайлы етеді.