Қызылорда облысында магистральды газ құбыры салынбақ

Қызылорда облысында магистральды газ құбыры салынбақ

Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының 5-ші бағыты – ел өңірлерін газдандыру. Осы ретте Қызылорда облысындағы Қараөзектен Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана арқылы магистральды газ құбыры салынбақ. Нәтижесінде 3 миллиондай ел тұрғыны көгілдір отын игілігін көреді. Сонымен қатар, Арқаның экологиялық ахуалына жақсы әсер ететін болады. Сарыарқа магистральды газ құбырының құрылысы жыл соңына дейін басталады. Қызылорда облысында орналасқан газ компрессорлық станциясынан 44 шақырым жерде «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының бойынан бұрып салынады. Айтулы жобаның алғашқы кезеңінде Астанаға дейін 3 облыс аумағын бойлай өтетін 1 мың шақырымнан астам магистральды газ құбыры тартылады.

АЗАМАТ ЕРМАҒАНБЕТОВ, БАС ИНЖЕНЕРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - «Сарыарқа» магистарльді газ құбырының жоба-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті. Қазіргі уақытта тендер жариялауға дайындалудамыз.

Айта кетейік, Сыр өңірінде өткен жылы пайдалануға берілген компрессорлық станция «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының өткізу қабілетін 10 млрд текше метрге дейін ұлғайтты. Жаңа станция соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Газды қайта айдау үшін Жезқазған мен Теміртауда компрессорлық станциялар салынады.

ТАЛҒАТ МЕНЕЕВ, ГАЗ КОМПРЕССОРЛЫҚ СТАНЦИЯСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

 - Табиғи газ бізге магистральды газ құбыры арқылы келеді. Біздің басты мақсатымыз – өзге де екі компрессорлық станциялардан келген көгілдір отынды қысымдап, осылайша құбыр бойымен газдың өтімділігін қамтамасыз ету.

ЕРЛАН ЖОЛАМАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазір Астана қаласының жобасы жасалып жатыр. Ол жақта жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Астана қаласында соның барлығында жобалаған кезде бірден газға қосылуын қарастырылуда.

Еліміздің стратегиялық маңызды мега-жобасын келесі жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.