Қарағанды облысындағы катодты мыс өндіру зауыты толық өндірістік қуатына шықты

Қарағанды облысындағы катодты мыс өндіру зауыты толық өндірістік қуатына шықты

Қазақстан – индустриялық-инновациялық даму жолында. Қарағанды облысында орналасқан катодты мыс өндіретін зауыт толық өндірістік қуатына шықты. Жаңа технологиялардың арқасында бұрындары керексіз деп саналған шикізат түрлерін пайдалануға мүмкіндік туды. Енді кәсіпорын жылына 9 мың тонна түсті металл өндіруге қауқарлы. Өнімнің барлығы экспортқа бағытталған. Кәсіпорын өз өнімін сыртқы нарыққа жеткізу жөнінде металл тасымалы бойынша әлемде көш бастап тұрған ірі трансұлттық компаниямен келісімшарт жасасқан.       

ФАРХАТ АСЫЛБЕКОВ, КЕН ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

- Геологтардың зерттеуінше, «Алмалы» кенішінде әлі 27 миллион тонна кен қоры бар. Қазір біз оны игеріп жатырмыз. Бірақ келесі жылы тағы барлау жұмыстарын жүргізбекпіз. Сөйтіп өндіріс қуатын ұлғайтамыз.

Зауыт «Алмалы» кенішінде бой көтерді. Мұнда тәулігіне 10 мың тоннаға жуық кен өндіріледі. Өндіріс орнының экономикалық тиімділігін арттыру мақсатында кәсіпорын инновациялық технологияларды қолданысқа енгізген. Олардың арқасында дәстүрлі емес шикізат түрі селдір кенді пайдалануға мүмкіндік туған. Мамандардың айтуынша, металлургиялық қайта өңдеу үрдісінің нәтижесінде өндіріс қалдықтары сақталмай, қоршаған ортаның ластану деңгейі төмендейді. 

ДМИТРИЙ ДМИТРИЕНКО, ТЕХНИКА ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

- Өндіріс қалдықтары бірнеше мәрте сүзгіден өтеді. Мұнда еңбеккерлердің қауіпсіздігі де барынша ескерілген. Химиялық ерітінділер автоматты түрде құйылады.

Мұнда сапалы өнім алу үшін арнайы зертхана да жұмыс істейді. Онда кендегі металдың мөлшері анықталады. Талдау нәтижелері бойынша геологтар шикізаттың өндіріске қандай күйде баратынын шешеді. Шикізат өндіріске мүлдем қабылданбауы да мүмкін. Технологиялық үрдісті басқару да зертханалық зерттеуге байланысты. Мұның барлығы өндірілетін өнімнің сапасына әсер етеді.  

СТАНИСЛАВ РЕВЕНКО, ЗЕРТХАНА БАСШЫСЫ:

- Технологтар өз бетінше жұмыс істей алмайды. Оларға берілген ерітінді құрамындағы металл мен қышқылдың мөлшерін білу қажет. Зертхана технологтарға өнімнің барынша сапалы болуы үшін үрдісті қалайша жүргізу, реттеу қажеттігі туралы ақпарат береді. 

Айта кетейік, зауыттағы өндіріс толығымен автоматтандырылған. Жабдықтар Финляндия, Ұлыбритания, Италия мен Израильден әкелінді. Жалпы инвестициялық жоба құны – 14 миллиард теңге.