Қазақстанның 100 жаңа есімі: Денис Кузин

Қазақстанның 100 жаңа есімі: Денис Кузин

«100 жаңа есім» жобасы бүгінгі Қазақстанның тарландарын танытуға жол ашты. Олар – өз ақыл-білімімен, еңбегімен, дарынымен заманауи Қазақстанның қалыптасуына үлес қосқан азаматтар. Солардың бірі – спортшы Денис Кузин. Конькиді серік еткен жігіт «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы өзін шабыттандырып, жаңа жеңістерге жетелегенін айтады. Қазір ол елімізде конькимен жүгіру спортын дамытып, жас конькишілермен тәжірибе бөлісіп, оларға білім-түйгенін үйретіп жүр.  

ДЕНИС КУЗИН, «100 ЖАҢА ЕСІМ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - Олимпиададан кейін спортпен қоштасу керек деп ойлады. Бірақ бұл жоба тың серпіліс бергендей болды. Мысалы, Қазақстан чемпионатында бірден 3 медаль алдым: қола, күміс және алтын. Сөйтіп, үлкен спортқа қайта оралдым. Алда Жапонияға Әлем Кубогына барып келген соң, Әлем чемпионатына дайындаламын.

Биыл Денистің спортта жүргеніне 20 жыл толды. Біреу білсе, біреу білмес, Кузин – коньки жарысынан әлем чемпионатында топ жарған еліміздегі алғашқы және әзірге жалғыз спортшы. Ол 2013 жылы 1000 метрлік бәскеде алдына жан салмады. Осы жеңісінен кейін араға 1 жыл салып жарақат алған. Алайда Денис спортсыз өмірін елестете алмайды. Әлі де талай биікті бағындырғысы келеді. Оның жеңістері қазақстандық коньки спортына серпіліс әкелді деуге болады.

ДМИТРИЙ БАБЕНКО, ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАНЫҢ БАС БАПКЕРІ:

 - Бүгінде ол толықтай қалпына келді деп айта аламын. Мұны Қазақстан Чемпионатындағы көрсеткіштерінен-ақ көруге болады. Одан бұрын Германияда жалпы есепте 4-ші нәтиже көрсеткен еді.

ДЕНИС КУЗИН, «100 ЖАҢА ЕСІМ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - Жаңа бапкермен жаттығып жатырмын. Командамыздың құрамы да кеңейген. Дайындық бағдарламасы өзгерді, қазір мұз үстіндегі жаттығуларға басымдық берілуде. Нәтижесінде әр спортшының жеке жетістіктері бар. Бәсекелестік күшті. 

Денис Қазақстанда коньки спортының дамуына мүмкіндік мол екенін айтады. Болашағынан үміт күттіретін спортшыларымыз да бар дейді.