Қазақстанның 100 жаңа есімі: Сымбат Әбдірахманова

Қазақстанның 100 жаңа есімі: Сымбат Әбдірахманова

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы оға қатысып, жеңімпаз атанғандардың өміріне қандай өзгеріс әкелді? Сымбат Әбдірахманова – байқаудың алғашқы кезеңінде жүйрік шыққандардың бірі. Шығармашылық ізденісте жүретін аниматордың мультфильм арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды ортаға бейімдеу әдістемелігі көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.

Сымбат тілінде мүкістігі бар балаларға арналған 9 мультфильм әзірлеп шығарды. Қалған анимациялық туындылары да танымдық сипатта. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында жас өскін танымын кеңейтіп, сөздік қорын молайтуға арналған «Дыбыстарды машықтандыру», «Көңілді түстер» сынды әдістемелік құралдар кең қолданыста. Сценарийді Сымбат өзі жазады, өзі монтаждайды.

СЫМБАТ ӘБДІРАХМАНОВА, ЖОБА ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - Әрине жобаның бергені өте көп. Өмірімді жобаға дейін және жобадан кейін деп бөліп айтсам болады. Бірден үлкен серпін берді. Осы жобадан кейін Еуропаның Психиатрлар қауымдастығының мүшесі атандым.

Жерлестерінің қолдауын сезінген Сымбаттың шабыты оянып, жетістікке деген жігері арта түсті. Қызылорданың 200 жылдығына арнап, туған өлкесінің тарихы мен географиялық ерекшеліктері суреттелген «Сиқырлы кілт» мультфильмін тарту етті. Енді алдағы уақытта анимациялық байқауларда топ жаруды көздеп отыр.

СЫМБАТ ӘБДІРАХМАНОВА, ЖОБА ЖЕҢІМПАЗЫ:

-  Ендігі жоспарым – мультипликаторлар байқауына қатысу. Қысқаметражды мультфильм дайындап жатырмын. Одан бөлек 2019 жылы Варшавада суицидтің алдын-алу бойынша үлкен конференция өтейін деп жатыр. Соған баяндамашы ретінде шақырылып отырмын. Бүгінде ғылыми жұмыстарымды дайындап жатырмын.

Қазір «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының II кезеңі жалғасуда. Бұл жолы жастар жағына басымдық беру көзделген.