Елбасы жолдауы: Агросаланы дамыту мәселесі

Қазақстан экономикасының тұрақты дамуының басты бағыттарының бірі – агросаланы дамыту. Қазақстан халқына жолдауында ел президенті бәсекеге қабілетті, сапалы  және экологиялық таза өнімдермен тек ішкі нарықты ғана емес, шетелдік тұтынушыларды да қамтамасыз ететін қуатты кешен құру туралы тапсырма берген болатын. Бүгінде республикада осы мақсатта мемлекеттік қаржыландыру және инновацияларды енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 

БОЛАТХАН МАХАТОВ, «ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ» КЕАҚ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Инновация бар жаңалықтарды өндіріске ендіру дегенді білдіреді. Қазақстанда бүгінгі таңда инновацияларды енгізудің өзі салаларға бөлінеді. Мәселен, егін шаруашылығы, мал шаруашылығы саласы бар. Не болмаса сол өнімдерді өңдеу саласы бар. Әр саланың инновациялық жаңалықтарды ендірілуі әр түрлі.  Бүгінгі таңда, әрине біздің мемлекетте егін шаруашылығы алда келе жатыр.

Бүгінде іс жүзінде ақылды технологиялар Қазақстанның бүкіл аумағында қолданылуда. Ауылшаруашылығы саласының тиімділігін аттыруға заманауи технологиялар, тамшылатып суару және нақты егіншілік мүмкіндік береді. Дәл егіншілік жобасы диқандардың дронның көмегімен егіс алқабын бір нүктеден бақылауына, агрохимиялық зерттеу жүргізуіне жағдай жасайды. Сондай-ақ дәл егіншілік технологиясы топырақтың құрамын талдап, ондағы азот, фосфордың мөлшерін, егіс алқабындағы зиянкестерді анықтауға қабілетті. Сонымен қатар

қазақстандық ғалымдар егіс науқанын цифрландыру бағдарламасын әзірлеуді қолға алған. Осыған байланысты енді әрбір шаршы метрге отырғызылатын екпелер талданылып және зерттелетін болады.

Трансфертті технологиялардың тағы бірі – еліміз үшін экзотикалық дақыл – ақ жүгері өсіру. Биылғы жылы ол 60 гектар жерде өсірілген. Ақ жүгері Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка, Америка және Австралия елдерінде өседі. Сабақтарының биіктігі 6-7 метрге дейін жетеді. Дегенмен бұл дақылдың басты құндылығы – оның құрамында. 100 грамм дақылға 68% көмірсулар тиесілі. Қалғаны талшық, ақуыздар, протеин, витаминдер және минералды элементтер. Сондай-ақ ақ жүгеріден шөп және сүрлем алынады.

ӘШІРХАН ЗЕЙДЕНОВ, БАС АГРОНОМ:

 - Бұл – сиырға мол азық болатын жемдердің түрі. Келесі жылы бұдан да көбірек ексек деп отырмыз.

Уақыт салаға заманауи технологияларды енгізуді ғана емес, сондай-ақ білікті мамандарды тарту арқылы алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені қолдануды белсендіруді талап етеді. Мұндай сәтті тәжірибені отандық фермерлердің бірі қолданып та жүр.

ТЕМІРХАН ДОСМҰХАМБЕТОВ, ФЕРМА ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ  ТӨРАҒАСЫ:

 - Бүгінде біз генетика және эмбрионмен жұмыс істейміз. Осы мақсатта мен Американың генетикамен айналысатын ең жетекші фермаларымен жұмыс істей бастадым. Біз өзіміздің ақ бас тұқымды сиырларға, ангустарға ең жоғары өнімді сиырлардың эмбриондарын алдық. Нәтижесінде осы жылы алғаш рет 72 бұзау туды. Біз суррогат аналықтарды өсіреміз. Олардың өнімділігі жоғары, жақсы бейімделеді.

Ал 2022 жылы Қазақстан еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды 2,5 есеге арттыруға тиіс. Республиканың бұл бағыттағы  арнайы жоспары дайын. Мәселен, инновацияларды енгізу – аграрлық шаруаларға нақты дивидендтер әкеледі. Яғни ресурстарды тиімді пайдалануға, сондай-ақ астық көлемін және бәсекелестік артықшылығын болжауға мүмкіндік береді.