Елбасы жолдауы: Ел болашағы – сапалы білімде

Ел болашағы – сапалы білімде. Мемлекет басшысы халыққа арнаған жолдауында осы саланы дамытудың негізгі бағыттарын ерекше атап өтті. Халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеу және әлемнің жетекші университеттерімен серіктестік орнату еліміздің жоғары білікті мамандарын дайындауға серпін береді. «Болашақ» бағдарламасы – Ұлыбританиямен  арадағы табысты ынтымақтастықтың айқын көрінісі. Бүгінде Біріккен Корольдіктің ең үздік жоғарғы оқу орындарында 300-ге жуық қазақстандық студент білім алуда. Ағылшын сарапшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту қажеттігі туралы идеясын қолдап отыр. Себебі ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттердің негіздері балалық шақта қалыптасады.       

ДЖЕФФРИ ТЕМПЛ, «LEADER TECHNOLOGIES» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Мен Қазақстанда 2001-2014 жылдар аралығында жұмыс істедім. Сол кезде әріптестерімнің кәсіби шеберлігіне тәнті болдым. Олар өте сауатты және жігері тасып тұр. Шынымен де олардың әлеуеті өте жоғары. Бірақ уақыт бір жерде тұрмайды және одан да жақсы болуға ұмтылу керек. Ал оны мектепке дейінгі білім беруден бастау қажет. Білім сапасы мәселелері бірден шешіле қоймайды. Бұл басқа да жобалар сияқты инвестицияларды қажет етеді. Білімге инвестиция құю керек.

Шетелдік сарапшылар, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың ағарту, ғылым және денсаулық сақтау салаларына бөлінетін қаржыны Жалпы ішкі өнімнің 10 пайызына дейін арттыру туралы жоспарына жоғары баға берді. Азия-Тынық мұхиты зерттеу орталығының директоры Ом Гу Хоның айтуынша, Қазақстан бүгінде дамушы елден халықтың әл-ауқаты деңгейі жоғары мемлекетке айналу жолындағы алғашқы қадамдарын жасауда.

ОМ ГУ ХО, ХАНЬЯН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АЗИЯ-ТЫНЫҚ МҰХИТЫ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Президент Назарбаевтың азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бастамасы табысты болады деп санаймын. Бұл тұрғындар арасында қаржы тарату емес, экономика дамуының іргетасын қалау. Ағарту, ғылым және денсаулық сақтау саларына салынған инвестициялар елдің экономикалық дамуына серпін береді. Сондықтан бұл жолдаудың халық үшін маңызы зор және ол уақыт талабына сай міндеттерді қамтиды деген ойдамын.