Елбасы жолдауы: Экологияны жақсарту мәселесі

«Жасыл» технологияларды енгізумен айналысатын Қазақстандағы кәсіпорындардың шығындары өтелмек. Экологиялық ұйымдар қауымдастығында аталып өткендей,  мұндай тәсіл компанияларды қоршаған ортаға тигізетін жағымсыз әсерді азайтуға ынталандырады. Демек, бұл компаниялар арнайы тазартушы құрылғыларды орнатады. Ал бұл үшін оларға  өтемақы беріледі.  Мұндай  норма жаңа экологиялық кодекске енуі мүмкін. Сарапшылар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің халықаралық стандарттарын ескерген. Олардың айтуынша, жаңашылдық Қазақстанның бәсекеге қабілетті 30 ел қатарына енуін жақындатпақ.

АЙГҮЛ СОЛОВЬЕВА, «ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҰЙЫМДАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ»  БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:

-  Оларды ынталандырып отыру маңызды. Сондықтан кодексте бұл ресурстардың мақсатты пайдаланылуы қарастырылған. Бізде төлемнің 4  түрі бар. Екеуі республикалық, екеуі жергілікті деңгейге арналған. Экологиялық төлемдер статистика бойынша жинақталады. Бірақ олардың 0,03%-дан  40%-ға дейінгі көлемі ғана табиғатты қорғауға бағытталады. Бұл өте аз, әрине. Сондықтан жаңа кодексте мақсатты бағыттауды енгізу көзделіп отыр. Президент бұл істі жүйелендіріп, әлдеқайда тиімді шаралар жасау керектігі жайлы айтқан болатын. Бұл бағыттағы жұмыс қолға алынады деген ойдамын. Алдағы уақытта өз нәтижесін бермек.

Жаңа экологиялық кодекс 2020 жылы күшіне енеді. Экология мәселесі – ел дамуының басым бағыттарының бірі. Халыққа жыл сайынғы жолдауында елбасы экологиялық ахуалды жақсартуды ерекше атап өткен болатын. Зиянды шығындылар, жер мен ауаның жағдайы, қалдықтарды жою мәселелері де солардың қатарында. Президент ашық онлайн түрде қолжетімді экологиялық мониторинг жүйесін дамытуды тапсырды. Сарапшылардың айтуынша, жолдау қоршаған ортаны қорғау ісіне тың серпін береді. Осының арқасында «жасыл» экономика дами түседі.

АЙГҮЛ СОЛОВЬЕВА, «ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҰЙЫМДАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ»  БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ: 

 - Біз бұл салада қандай бағытты таңдайтынымызды шешуіміз керек. Жолдауда Президент экологиялық заңнаманы қайта қарастыру керектігіне мән берген болатын. Яғни жаңа нормалар қолданылуы тиіс. Екіншіден, атмосфераға шығарылатын шығындылар мәселесін шешу керек. Бұдан бөлек, үздіксіз қолжетімді технологияларды енгізуге тиіспіз. Бұл үшін бізде халықаралық жасыл технологиялар орталығы құрылған. Ол «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасын жүзеге асырады. Мұның бәрі бұл саланы дамытуға мүмкіндік береді. Біртіндеп тың технологиялар енгізіліп, қоршаған ортаға тигізілетін кері әсері азаяды.

Экологиялық компонентті дамыту мен инновациялық тәсілді қолдану елді жаңғыртуда маңызды рөлге ие болмақ, дейді сарапшылар. Бұл Президент жолдауында көрініс тапқан.