«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Баһаргүл Төлеген

Баһаргүл Төлеген темірден түйін түйген, ағашқа жан бітірген хас шебердің өзі. Өнердің арқасында есімі «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енген жеңімпаз. Белгілі коллекция жинаушы, этнограф, елімізде алғашқылардың бірі болып ұлттық кәдесыйлар шығаратын компанияның қазығын қаққан кәсіпкер. Авторлық бұйымдары шетелде де танымалдылыққа ие. Оның бұл кәсібіне сирек кездесетін заттарды жинақтауға әуестігі себеп болыпты. Жинағында 1000-нан астам тұрмыс, қолданбалы өнер бұйымдары мен Орталық Азия халықтарының зергерлік әшекейлері бар. Олардың арасында «Бәйтерек», «Алтын Адам», «Қорқыт ата» ескерткіштері мен мемориалдарының көшірмелері кездеседі.  

БАҺАРГҮЛ ТӨЛЕГЕН, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ 100 ЖАҢА ЕСІМ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - Кейін есейе келе ұлттық өнерді әлемге паш ету – өзімнің азаматтық борышым деп есептедім.  Әзір қоржынымда 1000-нан артық коллекциям бар.  Барлығы да қазақ халқының  салт-дәстүрінен, мәдениетінен терең тарихымыздан сыр шертеді. Мақсатымыз – кәдесый бұйымдарымыз бен жәдігерлік бұйымдарымыз арқылы қазақ халқының бай өнерін дәріптеу, насихаттау және жастардың санасына ата-баба дәстүрін сіңдіру.

Баһаргүл Төлегеннің бала кезіндегі әуестігі бүгінде үлкен кәсіпке ұласқан. Отандасымыз ұлттық нақыштағы кәдесыйлар мен қолөнер бұйымдарын жасап, қазақ мәдениеті мен өнерін әлемге танытып жүр. Кәсіпкер осылайша, еліміздің өткені, бүгіні мен келешегін сабақтастырып, ұлтымыздың ұлы құндылықтарын дәріптеуді көздейді.     

МАРАТ ТОҚАШБАЕВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ САЯСИ ГАЗЕТТІҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

 - Бүгінгі жетістігі Баһаргүлдің шыққан шыңы емес, оның алатын асуы, бағындыратын шыңдары әлі де алда.  Мына кәсіпті Қазақстанда ғана емес, басқа елдерге де экспорттайтын жаңа биіктерге көтерілуі керек. «Қазақстанның 100 есімі» бағдарламасына кіруі – Баһаргүлдің мойнына осындай үлкен міндеттерді жүктейді.

Бірегей ұлттық кәдесыйлар, әсіресе шетелдік туристер арасында үлкен сұранысқа ие. Қараса, көз тоятын әсем дүниелер Арқа төсінде дүркіреп өткен «ЭКСПО 2017» көрмесінде ұлт мақтанышы болды, 2011 жылы Азиядаға келген қонақтарды таңдай қақтырды. Алдағы уақытта кәсіпкер өз өнімдерін шетелге шығаруды жоспарлап отыр.