Батыс Қазақстанда «Тақсай ханшайымы» кесенесі орнатылды

Ұлттың аяулы есімдері мен киелі орындарының тарих сахнасында қайта жаңғыруы ұлт санасының жаңаруы, ұрпақ сабақтастығының сақталуы үшін маңызды. Батыс Қазақстанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тақсай ханшайымы» кесенесі орнатылды. Ескерткіштің биіктігі – 7 метр, ені 4 метр. Мазар Долинный селосы маңында орналасқан. Жас әйел жерленген қорған б.э.д. 5 ғасырда өмір сүрген. Тарихшылар мұны сармат, сақ дәуірлеріне жатқызып отыр. Тақсай кешені – Қазақстанның киелі жерлеріне жатқызылған тарихи нысандардың бірі. Ал қалпына келтірілген «Алтын Ханшайым» мүсіні шетелдік ғалымдарға таныстырылып, соның ішінде Британ, Қытай, Әзербайжан, Ресей, Корея елдерінде мұражайларға қойылған. Жерлеу орнынан археологтар мыңнан астам бағалы жәдігерлер тапқан. Олардың ішінде жебенің қоладан жасалған ұшы, ат әбзелі, алтыннан, ағаштан, сүйектен жасалған діни жоралғы бұйымдары табылған.

НАДИЯ ЖАСТЛЕК, ОБЛЫСТЫҚ ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ЭКСКУРСОВОДЫ:

– Ханшайымның өзі б.э.д. V-VI ғасырларда, соңғы сарматтар кезеңіне жатқызылады. Оның қабірінен өте көп алтын әшекей бұйымдары табылған. Нақтырақ айтсақ, жалпы салмағы 3 килограмм, барлығы 119 алтын әшекей бұйымдар.

ЯНА ЛУКПАНОВА, БҚО ТАРИХ ЖӘНЕ АРХЕОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

– Қызығы сол, қабір орны оны күнбатысқа қарай алып бара жатқан күйме арба секілді қазылып жасалған. Қабірдің қабырғалары күн мен оның шұғылалары түрінде безендірілген. Сонымен қатар діни сыйыну құралдарына ұқсайтын көптеген заттар табылды. 

Қазақстанның киелі жерлері картасына Ақмола облысынан 49 ескерткіш еніп отыр. Олар облыстың барлық аумағында – Ерейментау, Сандықтау, Зеренді, Атбасар өңірлерінде тіркелген. Тарихи ескерткіштердің арасында Абылайханның ұлы, Шоқан Уәлихановтың атасы Уәли хан жерленген қорым да бар. Айта кеткен абзал, ол – өз туған жерінен топырақ бұйырған қазақтың жалғыз ханы. Енді Ақмола облысына келетін туристер бұл киелі жерлерге де тәу ете алады. Мазар маңындағы барлық жасалып жатқан өзгерістер қонақтарды қабылдауға арналған. Мұнда жарықтандыру өткізіліп, күркелер қойылған, тротуарлар төселген. «Рухани жаңғыру» аясында бұл нысан туристік ұсынымдарға енгізілді.

ТІЛЕКТЕС НҰРСЕЙІТОВ, ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ЖӨНІНДЕГІ ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫНЫҢ М.А.:

- Біздің Ақмола облысында тарихи және мәдени ескерткіштердің үлкен көлемі бар – 1032 жергілікті маңыздағы, 4 республикалық,  және 558-і алдын ала есепке алынғандар. Әлемде экстремалды шарттарды ұнататындар көп, ондай жандар үшін рухани ізденіс маңызды.