Елбасы жолдауы: Әлеуметтің әл-ауқатын арттыру

Қазақстан Президентінің халыққа арнаған жолдауы әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашовтың пікірінше, елбасы айқындаған міндеттер әдеттегідей қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін көтеруді көздейді. Әлемде тұрақсыздық белең алған кезеңде елімізде бұқараның қамын жасаудың жолдары барынша қарастырылған, дейді халық қалаулысы. Нұрсұлтан Назарбаев кезекті жолдауында білім беру мен денсаулық сақтау саласының қолжетімділігі, тұрғын үймен қамту сынды түйіткілдердің түйінін шешуге басымдық беріп, сөзден нақты іске көшуді жүктеді. Үкіметке қазынаны әлеуметтік сектордың қажеттілігін ескеріп, жұмсауды тапсырды.  

АЗАТ ПЕРУАШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Президент жүктеген тапсырмалар алыс болашақты жақсартуға емес, кезекті жолдауда айқындалған міндеттер нақты осы шақ, дәл қазіргі уақыттағы адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Әлеуметтің әл-ауқатын көтеруді көздейтін мақсаттарды орындау үшін барлық жағдайлар жасалынған. Оған қажетті қаржы қарастырылды. Сондықтан міндетті түрде жүзеге асатынына сенемін.    

ВЛАДИСЛАВ КОСАРЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

– Елбасының осы жолдауындағы басымдықтары өте орынды деп санаймын. Мемлекеттік органдар адамдардың өмір сүру деңгейінің жақсаруына, қоғамдық мәдениеттің қалыптасуына, азаматтардың мемлекеттің дамуына қосатын үлестеріне дейін жауапты болулары керек.