Қазақстанның 100 жаңа есімі: Саида Қалықова

Күш-жігер, қажыр-қайрат, күрескерлік пен табанды еңбеқорлық. Бұл – барша адамзатқа ортақ табыстың кілті. Мұны «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енген дарын иелері жақсы біледі. Ұлттық жоба жеңімпаздарының қатарында саусағынан саз тамған шебер пианист, композитор, еліміздің жалғыз музыка академигі – Саида Қалықова да бар. Көз мүкісі болғанымен, арманы асқақ жан еңбек пен сенімнің арқасында толағай жетістікке жетті . 

Өнерге енді ғана құлаш ұрып, қанат қаққан кішкентай қыздың жолында үлкен сынақ тұрды.  9 жасында ауыр дертке шалдығып, арман-қиялы жермен жексен болды. Дәрігерлер өмірін арашалап қалды, алайда науқастың қос жанары көруден қалды. Саида бұған мойымады, тағдырдың тәлкегіне түссе де, қиялдың кемесімен жаңа мақсаттарға ұмтылды, өнердің тұңғиығына сүңгіді. Қиналған сәттерінде музыкадан жұбаныш тауып, ноталарды жүрегімен оқиды. Музыка мектебіне түсіп, саз әлеміне қалықтады. 13 жасында алғашқы жеке концертін берді.   

САИДА ҚАЛЫҚОВА, ПИАНИСТ, КОМПОЗИТОР:

 - Музыкант деген – ол өмірлік мамандық. Бұл жолды таңдаған адам өмір бойы жаттығып, өзінің шеберлігін арттырып, біліктілігін шыңдап отыруы қажет. Дене мүшелері де бұған машықтанып алады. Спортшыны жарысқа баптаған сынды біз де бұлшықеттерімізді ұдайы жаттықтырып, әр уақытта дайын болу керекпіз. Өйткені әр концерт сайын орындап жүрген шығармалардың қайсысы болмасын әркез жаңадан туғандай әсерде болғаны абзал

Саида Қалықованың мінсіз дарыны мен әсерлі шығармашылығы отандық және шет елдің сыншыларымен мойындалды. Бүгінде ол 80-нен астам жеке концертін берген. Негізінен Қазақстан, Ресей мен Италияның үздік сахналарында өнер көрсетіп жүр. Фортепианоның құлағында ойнайтын хас шебер жүздеген өнер сүйер қауымның жүрегін жаулады.

Бізде де пианино шеберлерінің бар екендігін жер-жаһанға дәлелдеп, ел үмітін ақтаған жергілікті өнерпаздың өнері жоғары бағаланып, көптің таңдауымен Саида Қалықова «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды.

САИДА ҚАЛЫҚОВА, ПИАНИСТ, КОМПОЗИТОР:

- Байқаудың іріктеу кезеңдеріне қатысып жатқаным мен үшін тосын жаңалық болды. Күтпеген жерден қоңырау шалып «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының тізіміне енгенімді хабарлағанда алдымен сене алмадым. Бұл ел таңдауы дегенде тіптен өзімді қоярға жер таппадым. Бұл маған көптің сеніп тапсырған үміті. Ол үлкен жапкершілік. Оны ақтау үшін бұдан да белсенді болуым керек. Өзімнің шығармашылығым және жеке қасиеттеріммен жұмыс жасауым қажет.  

Алдағы жылы Саида Қалықованың шығармашылық жолға түскеніне 20 жыл толады. Мерейтойлық датаны өнерпаз бірнеше жеке концерттік шерумен атап өтпекші.