Елбасы жолдауы: Бизнесті қолдау

Қазақстан өз өнімдерін әлем нарығына шығаруда көлемді көрсеткіштерге жетуде. Ол үшін отандық тауар өндірушілерге жеңілдіктер мен қолдау жасалып отыр. Қазақстандық бизнестің халықаралық сауда нарығына шығуына мүдделі мемлекет келесі жылдан бастап экспортқа шығатын кәсіпорындар үшін жеңілдіктер енгізеді. Қазақстан Президенті жолдауында атап көрсетілгендей, олардың жеткізу үшін жұмсалған көлік шығындары өтелетін болады. Осы мақсатқа 20 млрд теңге бағытталады. Және шетелден қазақстандық сауда өкілдіктерін ашуға 5 млрд теңге бөлу көзделуде. 

НҰРАЛЫ БӨКЕЙХАНОВ, ҚАЗАҚСТАН СЫРТҚЫ САУДА ПАЛАТАСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒА ОРЫНБАСАРЫ:

-  2019 жылы экспорттаушыларды сервистік қолдау 5 есеге дейін арттырылады және  экспорттаушылардың өнімін сыртқа шығарудағы көлік шығынын мемлекеттің 50 пайызға дейін өтеуі жөніндегі жаңа тәртіп енгізілуде.

Мамандар отандық тауар экспортының жыл сайын артып келе жатқанына басымдық береді, атап айтсақ соңғы жылдары 5 пайызға артқан. Өңдеу секторының экспорт өнімділігі де осы көлем көрсеткішінде. Қазақстанда шығарылған құрылыс материалдары көршілес елдерде жоғары сұранысқа ие болып келеді. Сейсмикалық төзімді, берік, жылылықты сақтау қабілеті жоғары. Мұндай газоблок кірпіштері астаналық зауыттардың бірінде 15 жылдан бері шығарылып келеді. Кәсіпорын осы уақыт аралығында кәсібін кеңейте түсті, бүгінде мүндай зауыт Атырау қаласында да ашылған. Компания жылына 400 мың текше метрге жуық сапалы құрылыс материалын шығарады.

ҚАНАТ ОСПАНОВ, КОМПАНИЯНЫҢ АЙМАҚТЫҚ МЕНЕДЖЕРІ:

- Компания өз өнімдерін 7 жылдан бері Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан елдеріне жеткізіп келеді. Біздің өніміміз Қазақстанда да сапасымен белгілі, оның танымалдылығын Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінде де арттыра түссек дейміз. Алдағы уақытта осы бағытта еңбек ететін боламыз. Ол үшін біздің мүмкіндігіміз де жеткілікті. 

Қазақстан шетелге тек құрылыс материалдарын ғана емес, машина, аккумулятор, электр жабдығын, химия өнеркәсібі бүйымдарын, азық түлік өнімдерін де шығарады. Қазақстанда барлығы 1757 экспортқа бағдарланған кәсіпорын тіркелген.