Елбасы жолдауына Нидерланд Парламентінің депутаты Тунахан Кузудың пікірі

Қазақстан экономика дамуының жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізіп, инвесторлардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасай алатынын іс жүзінде дәлелдеп отыр. Ел халқына арнаған биылғы жолдауында мемлекет басшысы осыған назар аударды. Ел дамуын алға жетелейтін бағдарламалық құжатпен танысып шыққан Нидерланд Парламентінің депутаты Тунахан Кузу оның басты бағыттарын қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, жолдауда әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға жете көңіл бөлінгені маңызды.

ТУНАХАН КУЗУ, НИДЕРЛАНД ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Президенттің Қазақстан халқына жасаған үндеуінде қызықтыратын тұстар көп. Арасындағы ең маңыздылардың бірі – ауылшаруашылығын дамыту мәселесі. Сіздің елдің осы сала көрсеткіштерін 2,5 есе өсіруге жақсы мүмкіндіктеріңіз бар. Нидерланд бұл бағытта инновациялық технологияларға ие. Сондықтан тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Бұл нидерландтық инвесторларға және қазақстандық шаруаларға да қосымша мүмкіндіктер ашып, екі ел үшін де тиімді болмақ.

Жолдауда отандық бизнесті қолдау шаралары туралы да айтылды. Мемлекет басшысы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері азаматтарды жұмыспен қамтушы күшке айналғанын жеткізді. Сол себепті бизнестің дамуына қолайлы жағдайлар жасап, жеке инвестицияларды ынталандыруға, нарықта заңды бәсекелестікті қалыптастыруға жете назар аударылмақ. Сондай-ақ шикізат өңдеумен айналысатын өндірістерге демеу көрсету қарастырылған.

РАХМАН АЛШАНОВ, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

-  Қытай жыл сайын 39 млн тонна өсімдік майын импорттайды. Яғни, дәл қасымызда алып нарық. Біз күнбағыс дәндерінен өсімдік майын өндіріп, Қытайға экспорттай аламыз. Президент қарапайым экономика туралы айтып отыр. Шынын айтсақ, көп нәрсеге күрделі технологиялық шешімдердің қажеті де жоқ. Қолда бар. Бірақ ендірмей отырмыз. Сондықтан бизнесті өңдеумен айналысуға ынталандыру қажет.