Қазақстанның 100 жаңа есімі: Айдие Айдарбеков

Айдие Айдарбеков – айналасына үлгі болып жүрген азамат. Ол «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауының өткен жылғы үздіктерінің бірі. Жас маман Нью Йорк Кино шеберлігі Академиясының магистратурасын үздік тәмамдағаннан кейін туған елге оралып, қызмет етуді мақсат етті. Қазір қазақстандық сапалы киноөнімін шығарып, әлемге таныту жөніндегі өз арманына жету жолында аянбай еңбек етуде.  

АЙДИЕ АЙДАРБЕКОВ, «100 ЖАҢА ЕСІМ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

– Бала кезімнен кино туралы армандайтынмын. Сондықтан Болашақ бағдарламасымен Нью-Йорк академиясына түсу мүмкіндігі пайда болғанда, мен бірден ойланбастан құжат тапсырдым. тек Лос-Анджелеске келіп қонған уақытта ғана, Голливуд жазуына, пальма талдарына қарап, арманымның орындалғанына көзім жетті.

Талантқа талас жоқ. Айдие өз мүмкіндігін түрлі шығармашылық додада байқап көрді, өлең, әңгіме жазды, кітап шығарды. Шығармашылығын дамытсам деген ол бірнеше қысқаметражды киноларға продюсерлік, режиссерлік етті, сериалдардың сценарийлерін жазды. Оның ішінде қазақстандық-британдық бірлескен  «Берлинде тіккен ту» кинолентасы да бар.  

АЙДИЕ АЙДАРБЕКОВ, «100 ЖАҢА ЕСІМ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

- Бұл Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі туралы баяндайтын тарихи фильм. Сценарий дәл сол күн, яғни Жеңіс күні туралы.

Ол, сондай-ақ программист, музыкант және спортшы. Айдие – білгенін өзінен кейінгі жастарға үйретуден жалықпайтын жан. Таяу күндері Астанада балаларға арналған ағылшын тілін тегін оқыту курсы ашылғаны белгілі. Жобаның жүзеге асуына үлес қосушы еріктілердің қатарында Айдие де бар.  

ЛЮДМИЛА БУРЛАЧЕНКО, ҚОҒАМДЫҚ ҚОРДЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Жастардың алдыңғы буынның жеткен жетістіктерін көріп, соны үлгі етіп, соған талпынып, ұмтылыс жасап өсуі маңызды деп ойлаймын.  

Атап өтейік, елімізде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының II кезеңі жалғасуда.  Кез келген қазақстандық елдің тұлғасы бола алады.