Арман Нұрмұханбетов

Арман Нұрмұханбетов

Арман Нұрмұханбетов Ұлы Дала мәдениетін кәсіби деңгейде насихаттаумен айналысады. 1999 жылдан бері дала көшпенділері тақырыбында мақалалар, сценарийлер, кітаптар мен жыр жинақтарын жазып , талай бейнеролик, фильм мен телебағдарлама түсірген, дала стиліндегі киім үлгілерін де жасап шығарған.

Арман Есік қорғанының ашық аспан астындағы мұражайға айналуына үлес қосты, сонымен қатар «Даларух» қоғамдық ұйымы (Алматы) құрылтайшыларының бірі, «Neonomad» жаңа көшпенділер халықаралық қозғалысының негізін құрушы. Беделді қазақ түркітанушысы Едіге Тұрсыновпен бірлесіп, даланың рухани жүйесі жайлы «Қасиет. Ұлы Дала рухының күші» атты кітап жазған. 2015 жылы Ұлттық киім күнін атап өтуді ұсынып, енгізуге ат салысқан адамдардың бірі.

Көптеген телебағдарламаларда сарапшы болумен қатар, «Шырақ туралы жыр» қысқаметражды тарихи музыкалық жыр-фильмін өз күшімен түсірген, онда жырау рөлін ойнап, сценариін жазып, режиссерлік қызметті де қоса атқарған. Режиссер мен сценарий авторы ретінде спорттың, соның ішінде ұлттық ойындардың пайдасы жайлы бейнероликтер топтамасын түсірген. 365-info.kz порталында «ARMAN» атты авторлық телебағдарламасын жүргізген, қалың көпшілікке жол тартқан «Мудрец из Рода Саков» деректі фильмі жүргізушілерінің бірі болған.

2017 жылдан бері Арман Нұрмұханбетов «Kazakh TV» арнасында «The Treasures of the Nation» бағдарламасымен эфирге шығып жүр. Аталмыш телетуынды үздік ағартушылық жоба ретінде «Тұмар» ұлттық телевизиялық жүлдесін жеңіп алған.