Америкалық сарапшылар Елбасы Н.Назарбаевтың сапары туралы

Елбасының Америкаға сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтерді. АҚШ Президенті Дональд Трамп пен  Елбасы  кездесуі екі ел арасындағы сауда мен инвестицияларды ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындары мен тың мүмкіндіктерді ашуға бағытталды. Нәтижесінде, еліміз үшін жетекші инвесторлардың бірі АҚШ-пен  жалпы сомасы 7 миллиард доллардан асатын жиырмадан астам келісімге қол қойылды.  Америкалық сарапшылар Қазақстан басшысының ресми сапары аясында   қол жеткізген  келісімдерін жоғары бағалап отыр. Олар бірауыздан екі ел арасындағы жаңа  уағдаластықтар Қазақстан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді дейді.

ДАНИЕЛ РУНДЕ, СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖОБАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ:

 - АҚШ Қазақстанмен әріптестікті одан әрі дамытуды қалайды. Бұл ретте Қазақстан Президентінің бізге жасаған сапары өте маңызды. Әрине біз сіздердің елдеріңізбен тәуелсіздік алған кезден бастап ынтымақтастық орнаттық. Бірақ қазақ көшбасшысының бұл сапары серіктестікке жаңа леп бермек.

Дональд Трамптың қазақ көшбасшысымен кездесуі екі ел арасындағы байланыстың жаңа деңгейге көтерілгенін аңғартады. АҚШ-тың  сыртқы саясат институтының директоры Люк Коффи осындай пікірде. Сарапшы еліміздің БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде Ауғанстан мәселесін көтеруін  де жоғары бағалайды.

ЛЮК КОФФИ, "МҰРА" СЫРТҚЫ САЯСАТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстан Орталық Азияда көшбасшы мемлекет ретінде Ауғанстанда тұрақтылық орнатуға көмектесе алады. АҚШ-та қол ұшын беруге дайын. Мәселен тәжірибемізбен бөлісіп, Орталық Азия елдеріне әскери оқу-жаттығуларын өткізуге әзірміз. Біз Қазақстанның бейбіт бастамаларын қолдаймыз.