2018 жылдың 1 қаңтарында АХҚО аумағында Халықаралық арбитраждық сот ашылады

2018 жылдың 1 қаңтарында АХҚО аумағында Халықаралық арбитраждық сот ашылады

«Астана» халықаралық қаржы орталығы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз жұмысын бастайды. Бұл туралы қаржы орталығы әкімшілігі төрағасының орынбасары Қайрат Әйтекенов мәлімдеді. Сонымен бірге, Халықаралық арбитраждық сот та сол уақытта қызметіне кіріседі. Судьялар құрамын басшының ұсынысы бойынша Мемлекет басшысы тағайындайды. Және бұл ретте үміткердің азаматтығы назарға алынбайды.

ҚАЙРАТ ӘЙТЕКЕНОВ, «АХҚО ӘКІМШІЛІГІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Ағылшын құқығы қағидаларының негізінде халықаралық арбитраж, сот, биржа құрылады. Тәртіп заңмен реттеледі, Қаржы министрлігі мен Есеп комитеті үшін бәрі ашық болады. ал Астана Халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі қаржының мақсатты  пайдаланылуы үшін жауапты болады.

Алдағы он жылдың ішінде «Астана» Азиядағы 20 жетекші қаржы орталығының тізіміне енбек. Сондай-ақ, оның аумағында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізінде ІТ-стартаптарының халықаралық технопаркі жұмыс істейтін болады.

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, «АСТАНА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРУШЫСЫ:

- ЕХРО қалашығының аумағында «Астана» қаржы орталығы, ІТ-стартаптарға арналған әлемдік алаң, БҰҰ-мен бірлескен жасыл технологияларды дамыту орталығы орналасады. Жалпы, алдағы он жылда 40 миллиард доллар көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр. Сонымен қатар, посткеңестік аумақта алғаш рет инвесторлардың құқығын қорғайтын, инвестициялық дауларды шешетін мекеме құрмақпыз.Олардың құқықтары баршаға таныс құқықтық жүйемен қорғалатын болады. 

«Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушыларына көптеген жеңілдіктер жасалады. Атап айтар болсақ, олар бастапқыда салық төлеуден босатылып, тауарлар мен капиталдың еркін қозғалысына мүмкіндік беріледі, заманауи инфрақұрылым мен шетелдіктер үшін арнайы визалық режим де қарастырылмақ. Халықаралық қаржы орталығының негізгі қызметі қаржы технологиялары саласын дамытуға, исламдық және «жасыл» қаржы құралдарын қолдауға бағытталған. «Астана» халықаралық қаржы орталығын Орталық Азия, Кавказ, Еуразиялық экономикалық одақ пен Таяу Шығыс, Батыс Қытай, Моңғолия және Еуропа елдері үшін қаржылық хабқа айналдыру жоспарланған.