ИЫҰ саммиті Қазақстанның мәртебесін биіктетті

ИЫҰ саммиті Қазақстанның мәртебесін биіктетті

Астанада өткен Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиті мұсылман әлеміндегі ғылым мен технологияның дамуына тың серпін береді. Алқалы жиын жөнінде Әзербайжан парламентінің депутаты Рәсім Мұсабеков осындай пікір білдірді. Оның айтуынша, халықаралық шараның Астанада өтуі – Қазақстанның әлем алдындағы мәртебесін биіктете түсті.

 

РӘСІМ МҰСАБЕКОВ, ӘЗЕРБАЙЖАН МИЛЛИ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Қазақстан халықаралық көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырды. Одан соң, ғылым, технология, техника саласына арналған ИЫҰ саммитін абыроймен өткізді. Бұл дер кезінде қолға алынған игі іс болды. Расында Ислам елдері осы бағытта дамыған батыс әлемінен ғана емес, Қытайдан, Оңтүстік-Шығыс Азиядан қалып қойды. Саммит жұмысы осы ара қатынасты жақындатуға ғылым мен технологияның ілгерілеуіне түрткі болады, деп сенемін.

 

Саммитте Қазақстан президентінің «үлкен жиырмалық» секілді ислам елдерінің бірлестігін құру жөніндегі идеясы сарапшылардың қызығушылығын тудырды. Ислам әлеміндегі ғылым мен экономиканы дамытуға негізделген жаңа құрылым Қазақстанның рөлін арттыра түседі, дейді олар.

 

ВЯЧЕСЛАВ МАТУЗОВ, АРАБ ЕЛДЕРІМЕН ДОСТЫҚ ЖӘНЕ ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫС ҚОҒАМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Бұл идеяға үлкен мән беріп қарау керек. Ислам елдерінде қаржы ресурстары жеткілікті. Біріккен Араб Әмірліктерінің өзін алып қарайтын болсақ, инвестициялық әлеуеті 1 трлн АҚШ долларына тең екен. Бұл дегеніміз әлемдегі бірінші орын. Астанадағы бұл кездесу үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Ал, Қазақстан технологиялық, ғылыми потенциалға ие. Ендеше, Ислам елдері дамуының локомотивіне айналуы мүмкін.