Астанада «Тарихи таңдау. Стратегиялар» көрмесі өтті

Астанада «Тарихи таңдау. Стратегиялар» көрмесі өтті

Шежірелі елдің 100 жылдық дәуір бейнелері көпшілік назарына ұсынылды. Елорда төрінде «Тарихи таңдау. Стратегиялар» тақырыптық көрмесі ашылды. Онда қанат жайған  Қазақстанның өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр шертер тарихи деректер барлық келушілерге қолжетімді.  Яғни көрме қонақтарына жәдігерлерді парақтауға, оқуға, көруге және дауыстарын тыңдауға мүмкіндік жасалған. Мұнда сонау 1916 жылдан бергі егемендік жолындағы мерейтойлық сәттер, қазіргі тәуелсіз елдің жетістіктері жүйелі түрде ашып көрсетілген.  Сондай-ақ, Тұңғыш Президент пен халықтың маңызды тарихи таңдау жасаған оқиғалары көрініс тапқан.  

 

Күлайша АҚТАЕВА, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ МУЗЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ең құндысы - Елбасының мұрағат материалдары, оның қолжазбалары. Кезінде конституция болсын, Кеңес үкіметінің ыдырауы болсын, сондай біршама қолжазбаларын біз алғаш рет осы ортаға шығарып отырмыз. Ең маңызды деген құжаттарға көпшіліктен бұрын, зерттеушілердің қолы жетпей жатыр. Сондықтан біз оларды сыртқа шығарып, көрсетіп жатырмыз.

Ширек ғасырда еліміз аймақтық және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздік саласындағы іс-қимылымен әлемге танылып, халықаралық үдерістердің бастамашыл әрі белсенді қатысушысы болды. Мұны мемлекетіміздің табыс кілтін куәландыратын құжаттар топтамасы айшықтайды. Жалпы, көрме газеттер, қолжазбалар, ресми құжаттар, бейне, фототүсірілімдер сынды кең көлемді ақпараттық дереккөздерді біріктірген.

 

Педро ХОСЕ САНС, ИСПАНИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

Көрме келушілердің бірін де бейжай қалдырмайтыны сөзсіз. Залдың әрленуі мен жәдігерлердің рет-ретімен орналасуы бірден  баурап алады. Ең бастысы, Қазақстанның тәуелсіздікке жету жолы мен бүгінгі жетістіктері таңдай қақтыртады. Бұндай тарихы мен бүгінгі әлеуеті зор елдің келешегі кемел болатынына күмән жоқ.

 

Астана тарихына енген Күмбезді залда топтастырылған экспозиция «Тәуелсіздік жаршылары», «Тарихи таңдау», «Табыс стратегиясы» және «Болашақ энергиясы» тақырыптарын қамтып отыр. Әр бөлім тәуелсіздік оты маздап жанған егеменді елдің қалыптасуы мен нығаюын кезең-кезеңімен ашып көрсетеді. Бұл – әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалған еліміздің өсіп-өркендеуін баяндайтын құнды мәліметтер мен шежірелі жәдігерлер жиынтығы.